«Қайрат» Чемпиондар Лигасында Алматыда ойнайды

«Қайрат» Чемпиондар Лигасында Алматыда ойнайды
Футбол

Спорт Шредингера

Алматылық «Қайрат» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде өз алаңындағы матчтарын Алматыдағы Орталық стадионда өткізеді, деп хабарлайды Bassport.kz.

Клуб плей-офф кезеңінде «Селтикті» пенальти сериясында ұтып, алғаш рет негізгі раундқа шыққан болатын. Енді қазақстандық жанкүйерлер өз қаласында тарихи матчтарды тамашалай алады.

УЕФА регламентіне сәйкес, клуб турнирге тек бір стадионды тіркей алады және оны плей-офф кезеңіне дейін өзгертуге құқы жоқ. Алматыдағы Орталық стадион Еуропалық футбол қауымдастығының ең жоғары – төртінші санатына ие, бұл нысанда жартылай финалға дейінгі ойындарды өткізуге мүмкіндік береді.

«Астана Аренаға» көшу туралы қауесеттерді «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин жоққа шығарды:

«Үй матчтарын Астанада ойнаймыз дегенді естімедім. Біз өз жанкүйерлеріміз үшін жеңдік, сондықтан Алматыда ойнауымыз өте маңызды», – деді ол баспасөз мәслихатында.

Еске салайық, топтық кезеңнің жеребесі 28 тамыз күні Монакода өтеді. «Қайрат» қыркүйек айының ортасынан бастап қаңтардың соңына дейін төрт үй және төрт сырт алаңдық матч өткізеді.