Шавкат Рахмоновтың отбасысындағы қайғылы оқиғадан кейін алғаш рет мәлімдеме жасалды

Шавкат Рахмоновтың отбасысындағы қайғылы оқиғадан кейін алғаш рет мәлімдеме жасалды
Жекпе-жек

Offside.kz

UFC-де өнер көрсетіп жүрген қазақстандық танымал файтер Шавкат Рахмоновтың отбасысында болған қайғылы жол апатынан кейін алғаш рет оның туыстары пікір білдірді. Бұл туралы Bassport.kz порталы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Шавкаттың қарындасы, қолма-қол ұрыстан үш дүркін әлем чемпионы Сора Рахмонова Instagram парақшасында 30 шілде күні Stories арқылы былай деп жазды:

“Ағамның отбасысындағы жағдайға алаңдап, хабарласып жатқан жандарға Алла разы болсын! Мұндай жағдай ешкімнің басына берілмесін. Ертең не боларын тек Алла біледі… Келініме Алла жар болсын! Ол бірден екі жақынынан айырылып, өзі де жарақат алды.” – деп жүрекжарды пікір қалдырды.

Сонымен қатар, Сора Рахмонова қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың 27 шілдесінде Алматы – Екатеринбург тас жолында ауыр жол-көлік апаты орын алды. Жамбыл облысы ПД мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 автокөлігін басқарған жүргізуші Қарағанды облысынан Алматы бағытына бет алған кезде көлік тізгініне ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді.

Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сәйкес, көлікті UFC файтері Шавкат Рахмоновтың жұбайы басқарған. Жол апаты кезінде Гүлайым Рахмонова мен ұлы ауыр жарақат алып, Шу қалалық ауруханасына жеткізілген.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы хабарлап, 34 жастағы әйел мен 3 жастағы балаға “жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы” диагнозы қойылғанын мәлімдеді. Артынша Рахмоновтар отбасы өз еркімен ауруханадан шығып, Алматы қаласына жол тартқан. Аталған оқиға бойынша тергеу басталды.