Qaton Qaragai Trail 2025: Жеңіс пен жігер мерекесі

Qaton Qaragai Trail 2025: Жеңіс пен жігер мерекесі
Басқа

5–6 шілде күндері Шығыс Қазақстан облысының Берел ауылында Qaton Qaragai Trail 2025 атты республикалық деңгейдегі тау жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Қатонқарағай аудандық әкімдігі мен “El Sport” республикалық қоғамдық бірлестігі өткізген бұл ауқымды дода еліміздің әр өңірінен келген әуесқой спортшылар мен кәсіби желаяқтарды біріктірді.

Жарысқа Астана, Алматы, Павлодар, Семей, Өскемен, Атырау, Қарағанды, Құлсары, Самар, Күршім, Шульбинск және Қатонқарағай өңірінен келген 112 қатысушы тіркеліп, үш қашықтық бойынша – 3, 10 және 20 шақырымда бақ сынады.

Абсолюттік жеңімпаздар қатарында 20 км бойынша Сатылған Өркен топ жарды. Ол мәреге 1 сағат 30 минут 28 секундта жетті. 10 км жарысында ерлер арасында Руслан Абишев (42 минут 01 секунд), ал әйелдер арасында Надежда Вязигина (50 минут 52 секунд) үздік нәтиже көрсетті. 3 км қашықтықта Арнұр Мұқанов (15 минут 15 секунд) пен Жаннұр Жақан мәреге алғашқы болып жетті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге жарыстың бас демеушісі KAZ Minerals тобы атынан ақшалай сыйақылар табысталды. Сонымен қатар, жастар мен ересектер санатында топ жарған қатысушыларға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ спорт және туризм академиясы және Pit Food бренді арнайы сыйлықтар ұсынды.

Qaton Qaragai Trail 2025 – бұл тек спорттық дода ғана емес, табиғат аясындағы төзімділік пен рух биігін сынайтын ерекше оқиға болды. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған шара спорт пен салауатты өмір салтының дамуына тың серпін беріп, алдағы жылдарға берік негіз қалағаны сөзсіз.