Махмұд Сабырхан әлем кубогында алтын жүлдені ерекше жолмен жеңіп алды

Sports24.kz
Астанада өтіп жатқан World Boxing әлем кубогының финалында қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан 55 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Финалдық жекпе-жекте Сабырхан жапониялық Руи Ямагучимен кездесуі тиіс болатын. Алайда қарсыласы шаршы алаңға шықпай, жекпе-жектен бас тартты. Осылайша, Махмұд Сабырхан ешқандай соққы алмастан турнир жеңімпазы атанды.
Жапон спортшысы жарысты күміс жүлдемен аяқтады. Ал Сабырхан үшін бұл – кезекті ірі жетістік. Ол 2023 жылғы әлем чемпионы, 2021 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері және 2024 жылғы Азия чемпионы атанған болатын.
Астанадағы турнир барысында Махмұд Сабырхан Оңтүстік Кореядан келген Шинь Дже Ёнды, филиппиндік Аарон Джуд Бадоны және болгариялық Ясен Радевті жеңіп, финалға жолдама алған еді.