Елдос Сметов иығына ота жасатты және мансабы туралы шешім қабылдады

olympic.kz
Қазақстандық дзюдошы, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов иығына ота жасатқанын және қазіргі жағдайы жайлы айтып, спорттағы болашағына қатысты шешімін жария етті, деп хабарлайды Bassport.kz Liter.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Елдос өз әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, қолдау білдірген жанкүйерлеріне алғысын білдірді. Оның айтуынша, ота Италияның астанасы Римде жасалған, қазіргі таңда жағдайы қалыпты.
«Аллаға шүкір, бәрі сәтті өтті. Иығымдағы жарақат пен ұсақ-ұсақ жаралар мені Олимпиадаға дейін-ақ мазалап жүрген еді. Енді толыққанды ем алып, денсаулығыма көңіл бөлуге шешім қабылдадым», – деп жазды Сметов.
Сондай-ақ, спортшы 2-3 айдан кейін жаттығуды қайта бастауды, ал келесі жылдың басында жарыстарға оралуды жоспарлап отырғанын айтты.
Ол өз жазбасында кейбір адамдар тарапынан тараған карьерамды аяқтады деген алып-қашпа әңгімелерге де жауап берді:
«Менің мансабымды аяқтады деп асығыс айтқандарға сәлем жолдаймын. Мен татамиге қайта оралып, күресуді жалғастырамын!» – деді Елдос Сметов.
Айта кетейік, Елдос Сметов – Қазақстан дзюдо тарихындағы ең табысты спортшылардың бірі. Ол Рио-2016 Олимпиадасының күміс, Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем және Азия чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Оның спорттағы әрбір қадамы – жас буын спортшылар үшін үлкен үлгі.