Головкиннің экс-бапкері аңыз боксшының рингке шығуы жайлы пікір білдірді

Головкиннің экс-бапкері аңыз боксшының рингке шығуы жайлы пікір білдірді
Бокс

Boxingscene.com

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (42-2, 37 KO) бұрынғы бапкері, мексика-америкалық маман Абель Санчес филиппиндік аңыз Мэнни Пакьяоның (62-8, 39 KO) рингке оралуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz сайты.

Аңыздың оралуы

Шілденің 19-ы күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 46 жастағы филиппиндік боксшы жартылай орта салмақтағы WBC чемпионы америкалық Марио Барриосқа (29-2, 18 KO) қарсы жекпе-жек өткізеді. Бұл Пакьяоның 2021 жылдан бергі алғашқы кәсіби жекпе-жегі болмақ. Ол кезде ол кубалық Йорденис Угасқа (27-6, 12 KO) есе жіберген болатын.

Содан бері Пакьяо бірнеше көрсетілім (көрме) жекпе-жектеріне шыққанымен, кәсіби рингке толыққанды қайта оралуын көпшілік күтпеген еді. Енді ол қайта рингке оралып қана қоймай, бірден чемпиондық атақ үшін шайқасатын болады.

Абель Санчес бұл жағдайға сақтықпен қарайтынын жасырмай айтты, дегенмен Пакьяоның сенсация жасау мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Санчес не деді?

«Біз, бапкерлер, оларға (спортшыларға) мансаптарын аяқта дегенді айту қиын. Мэнни үлкен жаста, рингке шықпағанына біраз болды. Ол жас чемпионмен емес, бірақ өте мықты чемпионмен жекпе-жекке шығады. Мүмкін бұл – жартылай орта салмақтағы үш чемпионның ішіндегі ең әлсізі шығар, дегенмен де ол – чемпион. Мэнни бұрынғыдай жылдам бола ала ма, бұрынғыдай жойқын соққылар жасай ала ма – кім біледі…

Джордж Форман мұны анағұрлым үлкен жаста жүзеге асырған. Сондықтан Мэннидің де мүмкіндігі бар. Меніңше, ол жақсы чемпионға қарсы жекпе-жекте жеңіске жетуге қабілетті», – деп келтіреді Санчестің сөзін Secondsout басылымы.

Тарихи рекордтың алдында

Айта кетейік, егер Пакьяо Барриосты жеңсе, тағы да тарихқа енеді. Жеңіс жағдайында ол жартылай орта салмақтағы ең егде жастағы әлем чемпионы атанып, 2019 жылы өзі орнатқан рекордын жаңартады. Ол кезде Пакьяо 40 жасында америкалық Кит Турманды (31-1, 23 KO) жеңіп, WBA тұжырымы бойынша чемпион атанған болатын.