Ангелина Лукастың қарсыласы жекпе-жек алдында қоқан-лоқы көргенін мәлімдеді

Қазақстандық танымал боксшы Ангелина Лукас (15-1, 8 КО) 2023 жылы айқын фаворит мәртебесінде чилилік Даниела Асенходан (17-5-3, 2 КО) жеңіліп қалған болатын, деп хабарлайды Bassport.kz Vringe.com порталына сілтеме жасап.
Биыл маусым айының басында Лукас өз алаңында қарымта жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетті. Асенхо жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Бұл жолы кездесуде Ангелина Лукас иеленіп жүрген IBO нұсқасы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы титулы сарапқа салынған еді.
Алайда жекпе-жектен кейін Асенхо мен оның бапкері Алехандро Конча Чилиге оралып, спорт қоғамдастығын шулатқан мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, Қазақстанда өздеріне қысым көрсетіліп, тіпті өмірлеріне қауіп төнген. Олардың айтуынша, жекпе-жек қарсаңында промоутер Тариел Джафаров (TJ Promotion) қонақүйге келіп, доллар ақшасын төсектің үстіне шашып, аудармашы қосымшасы арқылы «Асенхо бұл кеште жеңбейді» деп ескерткен. Ал Кончаға: «Жеңсеңдер, Қазақстаннан тірі шықпайсыңдар» деп қоқан-лоқы көрсеткен.
Чилилік тарап мұнымен тоқтамайды. Олар өздерінің Қазақстанға баруына әдейі кедергі жасалғанын, 50 сағат ұшуға мәжбүр болғанын, Өзбекстан арқылы айналып ұшқанын айтады.
Сонымен қатар, жекпе-жек алдындағы ережелер сақталмағанын — Асенхо командасына Лукас қолданған қолғап пен тейпті тексеруге рұқсат берілмегенін, олардың әр қозғалысын арнайы қызмет өкілдері бақылағанын алға тартты.
IBO тарапынан үшінші кездесуді өткізу туралы ұсыныс жасалғанымен, Асенхо тарапы үзілді-кесілді бас тартқан: «Біз бұл адамдармен енді ешқашан байланыс орнатқымыз келмейді», — дейді олар.