Өзбекстан құрамасының бапкері Тимур Кападзе: Қазақстан құрамасына және қазақстандық футболға сәттілік тілеймін

Футбол
Тимур Кападзе
Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тимур Кападзе BorodAbata.kz сайтына арнайы сұхбат беріп, 2026 жылғы әлем чемпионатына шығу жолындағы шешуші ойындар кезінде қазақстандық жанкүйерлердің қолдауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz сайты.
«Шын мәнінде, Қазақстаннан көп құттықтаулар мен қолдау сөздерін алып жатырмын. Бұл елде мен ұмытылмас уақыт өткіздім. Қазақстанда менің көптеген достарым бар. Елдеріңізге қолдау көрсеткендеріңіз үшін шын жүректен ризамын, себебі біз – бауырлас халықпыз. Қазақстан құрамасына және қазақстандық футболға сәттілік тілеймін, жанкүйерлерін қуанта берсін деймін», – деді Кападзе.
Айта кетейік, словениялық Сречко Катанец қызметінен кеткеннен кейін Кападзе Өзбекстан құрамасын бас бапкер ретінде қабылдап, оны 2026 жылғы әлем чемпионатына тікелей шығарды. Ал футболшы кезінде ол Қазақстанда «Ақтөбе» клубының сапында ойнаған.