Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025: Қазақстан құрамасы алғашқы күнді төрт медальмен аяқтады

Сали Сабиров
Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 халықаралық дзюдо турнирінің алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы екі күміс пен екі қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бесінші орынға тұрақтады.
Жарыстың басты жаңалығы – 60 келіге дейінгі салмақта үш бірдей отандасымыз жүлдегер атанды. Бұл салмақ дәрежесінде қазақ дзюдошыларының әлеуеті зор екенін тағы бір мәрте дәлелденді.
Атап айтқанда, Талғат Орынбасар (60 кг) мен Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) күміс жүлдеге ие болса, Мағжан Шамшадин мен Аман Бақытжан 60 келіге дейінгі салмақта қола медаль еншіледі. Ерекше тоқтала кететін жайт, Талғат пен Аман үшін бұл – ересектер арасында қатысқан алғашқы халықаралық турнир әрі алғашқы жүлде.
Ал Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев үшін бұл жарыс 10 айлық үзілістен кейінгі алғашқы татамиге шығуы болды. Ол финалға дейін сенімді күрес көрсетіп, тек шешуші белдесуде қарсыласқа есе жіберді.
«Бұл менің Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы жарысым. Қазір бабымның 80 пайызына келдім деп есептеймін. Жеңіске дайын болдым, мақсатым – алтын еді. Бүгін осы залда Қазақстанның Әнұраны шырқалса деп қатты тіледім. Өкінішке қарай, бұл жолы жолым болмады. Дегенмен, мені қолдаған жанкүйерлерге алғысым шексіз», – деді Қырғызбаев жарыстан соңғы пікірінде.
Турнир кестесінің алғашқы күні Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) командасы екі алтын, бір күміс медальмен көш бастады. Франция (1 алтын) мен Германия (1 алтын) үздік үштікті түйіндеп тұр.
Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирі 11 мамырға дейін жалғасады. Бәсеке Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтуде. Биылғы додаға әлемнің 44 елінен 358 дзюдошы қатысып жатыр.