Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

ҰОК
Қазақстандық ауыр атлет Ксения Прозорова Перудің Лима қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшы қоссайыс нәтижесі бойынша 199 келіні (жұлқа көтеруде — 91 кг, серпе көтеруде — 108 кг) еңсеріп, әлем чемпионы атанды. Бұл Қазақстан құрамасы үшін аса маңызды жетістік болды.
Екінші орынға 190 келі (88+102) нәтижемен өзбекстандық Маржона Абдумуталова тұрақтаса, үздік үштікті 189 келі (85+104) көтерген ресейлік Полина Павлович түйіндеді.
Сондай-ақ, ерлер арасындағы бәсекеде қазақстандық спортшылар қос қола медаль жеңіп алды. 73 келіде Ернұр Мырзахметов, ал 81 келіге дейінгі салмақта Ерасыл Сәулебеков үздік үштіктен көрінді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасының мүшесі Бейбарыс Ерсейіт 61 келіде әлем чемпионы атанған болатын.