Ислам Чесноков еуропаға кетуге жақын

Kff.kz
Қазақстандық жартылай қорғаушы Ислам Чесноков Еуропада карьерасын жалғастыруы мүмкін — 25 жастағы футболшы шотландиялық «Хартс» клубымен алдын ала келісімшартқа қол қоюға жақын, деп хабарлайды Bassport.kz Meta-ratings.kz сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы Edinburgh News басылымы да мәлімдеді.
Футболшы қазіргі уақытта қостанайлық «Тобыл» клубында ойнайды, алайда алдағы уақытта Эдинбургтің командасына қосылмақ. Тараптар арасындағы келіссөздер қаңтар айында басталғанымен, сол кезде трансфер бойынша келісімге келу мүмкін болмаған. Қазіргі таңда барлық қажетті құжаттар келесі бір ай ішінде рәсімделеді деп күтілуде.
«Хартс» клубы Чесноковқа ұзақ мерзімді келісімшарт ұсынып, негізгі құрамнан орын беруге уәде еткен. Футболшының «Тобылмен» қазіргі келісімі 31 қазанда аяқталады, сондықтан ауысым осы мерзімнен кейін жүзеге асады.
Соңғы екі маусымда Чесноков 20 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді. Сонымен қатар, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 13 ойынға қатысқан. Оған Венгрияның «Кишварда» және Түркияның «Касымпаша» клубтары да қызығушылық танытқан, алайда Эдинбургтің «Хартс» командасы келісімге ең жақын тұрған клуб саналады.
Айта кетейік, «Хартс» жақында 25 жастағы норвегиялық оң қаптал қорғаушысы Кристиан Борхгревинкпен де алдын ала келісімге келген. Ол «Валеренга» клубынан ауысады. Осылайша, Чесноков пен Борхгревинктің келуі команданың оң қанатын айтарлықтай күшейтуі мүмкін.
Қазіргі уақытта «Тобыл» 11 ұпаймен турнирлік кестеде екінші орында тұр. 19 сәуір күні өткен соңғы матчта команда «Ақтөбені» 2:0 есебімен жеңіп, Чесноков айып алаңы сыртынан керемет гол соқты — доп маңдайшаның астынан торға дәл тиді.