Алматыдағы марафон кезінде екі қатысушы көз жұмды

Алматы марафон
2025 жылғы 20 сәуірде өткен Almaty Half Marathon жарысында қайғылы жағдай орын алды: екі қатысушы – 84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади жарыс кезінде көз жұмды, деп хабарлайды Bassport.kz Informburo.kz сілтеме жасап.
Екеуі де 21,1 шақырым қашықтыққа жүгіріп жатқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, медициналық және жедел қызметтер, сондай-ақ полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жеткен. Алайда көрсетілген көмекке қарамастан, қатысушылардың өмірін аман алып қалу мүмкін болмады.
Аққоян Рсалиев 2021 жылдан бастап Алматы марафондарына белсенді қатысып келген. Бұл жолы жарыстың алғашқы шақырымында, Әл-Фараби даңғылы бойында жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған. Бір минут ішінде жедел жәрдем келіп жеткенімен, дәрігерлер пульс анықталмағанын айтты. №2/51 бригада дәрігері Әлібек Хожаназаровтың айтуынша, алдын ала болжам – өкпе артериясының тромбоэмболиясы. Сонымен қатар, марқұмда артериялық гипертензия болған.
Екінші қайтыс болған қатысушы – Нұрбол Ахмади. Бұған дейін ол Winter Run 2025 жарысында 10 км қашықтыққа қатысқан. Бұл жолы 16-шы шақырымда есінен танып, құлаған. 8/58 жедел жәрдем бригадасы келгенде пульс те, тыныс алу да болмаған. Бригада дәрігері Айгерім Есдәулетованың айтуынша, реанимациялық шаралар жүргізілгенімен, нәтиже болмаған. Алдын ала диагноз – өкпе артериясының тромбоэмболиясы және жіті жүрек жеткіліксіздігі.
Қайтыс болған азаматтардың нақты өлім себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады.