Руни Рэшфордтың болашағы жайлы сөз сөйледі

Getty Images
Бұрынғы «Манчестер Юнайтед» және Англия құрамасының шабуылшысы Уэйн Руни Маркус Рэшфордтың болашағы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz сайты
– Маркус Рэшфорд «Манчестер Юнайтед» сапында ойнағысы келеді, мен бұған 100% сенімдімін. Ол – Манчестер қаласынан шыққан жігіт, «Юнайтедтің» жанкүйері. Бірақ соңғы уақытта оған оңай болмады. Оған тұрақты ойын тәжірибесі қажет болды, ал «Юнайтедте» қалған жағдайда маусымның соңына дейін алаңға шығуы екіталай еді. Егер бәрі жақсы болғанда, ол клуб тарихында өз ізін қалдырғысы келер еді. Қазіргі жағдайда бұл қаншалықты мүмкін екенін білмеймін, бірақ мен соны көргім келеді, – деді Руни Goal порталына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Рэшфордтың «қызыл сойқандармен» келісімшарты күшінде, алайда ол қысқы трансфер кезінде маусым соңына дейін жалға «Астон Виллаға» ауысқан болатын. Бұған дейін «Юнайтедтің» бас бапкері Рубен Аморим Маркустың ойын деңгейіне көңілі толмайтынын бірнеше рет ашық айтып, шабуылшының алаңдағы жанкештілігі жеткіліксіз екенін меңзеген еді.