«Реал Мадрид» – «Арсенал». Карло Анчелотти: «Біз көркем ғана емес, нәтижелі футбол ойнағымыз келеді»

«Реал Мадрид» – «Арсенал». Карло Анчелотти: «Біз көркем ғана емес, нәтижелі футбол ойнағымыз келеді»
Футбол

AFP via Getty Images

«Мадридтің» бас бапкері Карло Анчелотти Чемпиондар Лигасының алдағы ойынына командасының дайындығы туралы айтты. Матч 16 сәуір күні Астана қаласының уақытымен түнгі 00:00-де «Сантьяго Бернабеу» стадионында өтеді.

Жанкүйерлер туралы:

«Жанкүйерлер өте маңызды рөл атқарады. Олар бізге бұрын да талай көмектесті, тағы да көмектесетініне сенемін. Біз қарсыласты жеңуге тырысу үшін бар күшімізді салуымыз керек, бұл оңай болмайды».

Жеткізгісі келген ойы:

«Біз ойынға деген көзқарасымызды өзгертіп, байыппен, жүрекпен және... батылдықпен ойнағымыз келеді. Алькарас айтпақшы. Жақсы нәтиже көрсетеміз деп үміттенемін. Команда жігерлі. Психологиялық жағынан бәрі жақсы. Ойынды бақылауда ұстау үшін суыққандылық маңызды болады».

Ресурстар туралы:

«Мадридте жағдайды өзгертуге қажетті барлық ресурс бар. Бізде шеберлік, жанкештілік, тәжірибе және жанкүйерлер бар. Енді осының бәрін толық пайдалануымыз қажет. Бізге "көркем футбол ойнайды" деп көп айтады, мүмкін солай шығар. Бірақ біз тек әдемі емес, нәтижелі футбол ойнағымыз келеді».

Ойын алдындағы әңгіме:

«Мен ойыншыларға стратегияны нақты түсіндіруді қалаймын. Жаттығуда бірқатар элементтерді сынап көріп жатырмыз. Футболшы алаңға шыққанда ойы анық болуы керек. Неғұрлым нақты түсіндірсем, соғұрлым нәтиже жақсы болады. Айқындық – табыс кілті».

Стратегия туралы:

«Біз өте қарқынды ойын көрсетуге тырысамыз, қарсыласты қыспаққа алып, өткен аптаға қарағанда ойынды көбірек бақылауда ұстағымыз келеді. Бұл жерде ешқандай сиқыр жоқ – себебі сиқыр деген болмайды».

Мотивация туралы:

«Кеше ойыншылармен эмоциялық дайындық пен мотивация жайлы сөйлестім. Осындай матчтарға кәсіби футболшы қалай дайындалуы керектігін түсіндірдім. Олар сабырлы және бар күшін салуға дайын болуы керек. Қажетті нәтижеге жете аламыз ба – белгісіз. Бірақ бір нәрсе анық: біз бар күшімізді саламыз».

«Арсенал» туралы:

«Арсенал» – өте жақсы ұйымдастырылған команда. Иә, олар аса тәжірибелі емес шығар, бірақ Артета тамаша жұмыс істеп жатыр. Команда шабуыл мен қорғаныста нақты құрылыммен ойнайды. Олар алаң сыртындағы жағдайдан гөрі өз ойындарына көбірек көңіл бөледі».

Суыққанды болу туралы:

«Бұл менің мұндай деңгейдегі алғашқы матчым емес және соңғысы да болмайды деп үміттенемін. Чемпиондар Лигасы мен үшін ерекше турнир. Мұндай матчтарда бас бапкер ретінде басты рөл атқарғым келеді. Бұл маған сабыр сақтауға көмектеседі».

Мбаппе туралы:

«Мбаппе кеше өте жақсы жаттықты. Ол өте ынталы, әрі бізге қажет. Бізге гол қажет. Ол биыл көп гол соқты, бірақ дәл осы матчта оның голдары бізге ауадай қажет».

Ерте гол туралы:

«Бұл шешуші фактор бола қоймас, дегенмен маңызды. Ең бастысы – допты бақылауда ұстау және ойын басталысымен-ақ бар күшімізді салу. Егер ойын сенің бақылауында болса, кез келген сәтте гол соғуға болады».