«Жеңіс» сенсация жасап, Қазақстан кубогының ширек финалына шықты

"Ақтөбе" футбол клубының баспасөз қызметі
Қазақстан футболында күтпеген оқиға тіркелді. 13 сәуір күні елордада өткен Қазақстан Кубогының 1/8 финалдық матчында “Жеңіс” футбол клубы өз алаңында Премьер-лига өкілі “Ақтөбені” 1:0 есебімен жеңіп, жарысты жалғастыру құқығына ие болды.
Кездесу алдындағы негізгі фаворит ретінде “Ақтөбе” саналды. Алайда команда құрамында бірқатар өзгерістер болды. ҚПЛ-дің 4-турында “Қайсарға” қарсы өткен ойында жарақат алған Габи Кики мен Әлібек Қасым бұл матчты жіберіп алса, қақпада Андрей Владтың орнына Игорь Трофимец шықты.
Бірінші тайм аса тартысты өтпеді. Командалар көбіне орталық алаңда ойнады, шабуылдар нәтижесіз аяқталып, үзіліске 0:0 есебімен кетті. Екінші таймда екі тарап та ойыншылар алмастырып, шабуылға жиі шықты. Көпшілік ойын тең есеппен аяқталады деп болжағанымен, 77-минутта словениялық легионер Матия Ром “Ақтөбе” қорғанысындағы қателікті сәтті пайдаланып, “Жеңісті” алға шығарды.
Қалған уақытта қонақтар есепті теңестіруге тырысқанымен, нәтиже өзгерген жоқ. Осылайша, “Жеңіс” клубы тарихи жеңіске қол жеткізіп, алғаш рет Қазақстан Кубогының ширек финалына шықты.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында “Ақтөбе” бас бапкері Игорь Леонов командасын танымай қалғанын мәлімдеді:
“Бұл жерде айтатын сөз де жоқ. Команданы мүлдем танымай қалдым. Не болғанын, ойыншылар алаңда не істегенін өзіміз де түсінбедік. Бірақ бәрін командамен бірге талдаймыз.”
Келесі кезеңде “Жеңіс” елордалық дербиде “Астана” клубымен кездеседі. Матч 14 мамыр күні “Астана-Аренада” өтеді.