Триллер деңгейіндегі ойын

kff.kz
Әйелдер арасындағы Ұлттар лигасының С лигасындағы 4-тур ойындары өтті.
Бұл турда Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасы өз алаңында Армениямен күш сынасты.
Кездесулер тарихы:
Ресми ойындарда қос құрама 2023 жылдан бері 6 рет кездесіп, оның 4-інде біздің қыздар жеңіске жетсе, армян қыздары 2 рет жеңіс тойын тойлаған. Арменияға қарсы өз алаңында Қазақстан құрамасы еркін ойнайтыны соншалық, ресми үш ойынның әрқайсысында кемінде 3 голдан соққан. 2023 жылдың 5 желтоқсанында елорданың төрінде, “Астана Арена” жөндеу жұмыстарына жабылар алдында соңғы ойынын өткізді. Ол ойында құраманың капитаны Юлия Мясникованың бірінші таймда алыстан дәл соққан айып добы мен екінші таймдағы тағы бір голы, сондай-ақ Аида Гайстенова мен Камилла Құлмағамбетованың голдарының арқасында жеңіске жетті. Алайда, бұл нәтиже топта үшінші орын алуға жеткілікті болып, команда С лигасында қалды. 2024 жылдың 4 маусымында Алматы қаласындағы “Орталық стадионда” өткен Еуро-2025 іріктеу турнирі аясындағы ойында Қазақстан құрамасы Арменияны 4:1 есебімен жеңді. Бұл кездесуде Аида Гайстенова дубль авторы атанса, тағы екі голды Александра Буркова мен Әсел Тұрлыханова соқты. Дегенмен, бұған дейінгі төрт ойында жеңіліп, оның ішінде армян қыздарынан ұтылып және бір ойында тең түсіп, топтан шыға алмады. Кешегі кездесу қалай өтті?
Ұлттық құрамалар арасындағы кездесу араға 1,5 жыл салып қайта “Астана Аренада” өтті. Бұл ойында құраманың негізгі ойыншыларының бірі Аида Гайстенова тізімге енбеді, ал Әем Қаражанова қосалқы құрамнан алаңға шықты. Бірінші тайм 0:0 есебімен аяқталды. Екінші таймның басында, 48-минутта Әмина Бибосынова есеп ашып, араға жеті минут салып дубль авторы атанды. Есеп 2:0 болып тұрған кезде, армяндық жартылай қорғаушы Нарине Давтян үш минуттың ішінде екі гол соғып, есепті күтпеген жерден теңестіріп жіберді. Барлығы ойын тең аяқталады деп ойлап отырған сәтте, Әйгерім Айтымова 71-минутта жеңіс добын соғып, Қазақстан құрамасына 3:2 есебімен жеңіс сыйлады. Матчтан кейін турнирлік кестеде қандай өзгеріс болды?
4-турдың қорытындысы бойынша үш ойын жеңіп, бір ойында тең түскен Люксембург бірінші орында келеді. Қазақстан құрамасы екінші орында, Армения үшінші орынға жайғасса, Лихтенштейн турнир кестесінің соңында қалды.
Келесі кездесулер қашан өтеді?
Қыздарымыз соңғы екі ойынын 30 мамыр күні Лихтенштейнге және 3 маусым күні Люксембургке қарсы өткізеді.