Балауса Мұздыман әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді

Балауса Мұздыман әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді
Бокс

Нұрғали Жұмағазы

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Балауса Мұздыман жақын арада әлем чемпионы атағы үшін шаршы алаңға шығуы мүмкін. Бұл туралы оның менеджері Уля Мұсаханова Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Bassport.kz.

— Келесі жекпе-жек әлем чемпионы атағы үшін өтеді. Оған арнайы дайындық қажет. Балауса бір апта демалғаннан кейін жаттығуға кіріседі. Менің ойымша, жылдың соңына қарай, шамамен қараша-желтоқсан айларында біз бұл атақты алуға тырысамыз. Қарсыласымызбен және промоушенмен келісімге келуіміз керек, әрине, бәрі бізге байланысты емес. Егер барлық жағдай сәтті үйлесіп жатса, жыл соңына дейін бұл жекпе-жек өтеді. Қазіргі таңда қай боксшымен қолғап түйістіре алатынымызға қараймыз. Бұл, біріншіден, оның жоспарланған жекпе-жегі бар ма, жоқ па — соған байланысты. Екіншіден, титул бос па, әлде иесі бар ма — соны да ескеру керек. Кейде белбеуді иеленіп отырған боксшының менеджеріне хабарлассаң, олар басқа қарсыласпен келісіп қойғанын айтады, бірақ бұл ақпарат BoxRec-те көрінбей жатады. Мұндай жағдайлар жиі болады, — деді Мұсаханова.

Айта кетейік, 5 сәуір күні Астанада өткен бокс кешінде Балауса Мұздыман филиппиндік Мария Тереза Пинилиді (7-2, 2 KO) жеңіп, кәсіпқой мансабындағы кезекті жеңісіне қол жеткізді. Жекпе-жек жеңіл салмақта өтті және сегіз раундқа жоспарланған болатын. Төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіс Мұздыманға бұйырды.