19 жылдан кейінгі қайта кездесу. "Барселона" қарсыластарымен қайта кездеспекші

19 жылдан кейінгі қайта кездесу.
Футбол

УЕФА Чемпиондар лигасының 1/4 финалының алғашқы ойындарының уақыты да жақындап қалды. Бұл турнирдің өзгешелігі жайлы кішкене шолып өтейік.

Биылғы маусым кәрі құрлықтың басты клубтық турниріне қатысатын командалар үшін нағыз шытырманға толы болды. Себебі 36 команда бұрынғыдай 4 командадан тұратын 9 топқа бөлінбейді. Керісінше, бір ғана турнирлік кесте жасақталып, әр команда 4 ойынды үйде, 4 ойынды сырт алаңда өткізеді. Кестеде 1-8 орын алған командалар бірден 1/8 финалға өтсе, 9-24 орын алған командалар өзара өтпелі матчтар өткізеді. Ал қалған 12 команда жарыс жолынан шығып қалады.

Турнирдің өзгерісі кімдерге қиынға соқты?

Швейцариялық стиль жанкүйерлерге түрлі эмоция сыйлады. Мысалы, турнирдің басты фавориттері саналатын “Манчестер Сити”, мадридтік “Реал”, ПСЖ, “Бавария” және “Ювентус” сәтсіз өнер көрсетіп, қауіпті аймаққа түсіп қала жаздап, сәттілік серік болып, өтпелі ойындарға жолдама алды. “Лилль”, “Арсенал”, “Астон Вилла” секілді клубтар айды аспанға бірақ шығарып, 1/8 финалға жолдама алып үлгерді.

Бұрынғыға қарағанда лигада өзгерістер болды ма?

Осыған дейін топтық кезеңде ойнап жатқан клубтар 6 ойында максималды ұпай (100%) жинаған жағдайлар кездесетін. Биылғы маусымда ондай көрсеткіш болмады. Топтық кезеңде көш бастаған “Ливерпуль”, “Барселона”, “Арсенал” және “Интердің” еншісінде бір-бір жеңіліс бар. Ал “Ливерпуль” тек бір рет жеңіліп, қалған 7 кездесуде толықтай жеңіске жетті.

Өтпелі ойындар несімен есте қалды?

Қауіпті аймақтан бір-ақ шыққан “Ювентус” ішкі мәселелерінен кейін овертаймда “ПСВ Эйндховеннен” жеңіліп, жарысты уақытынан бұрын аяқтады. Ал “Манчестер Ситиден” нашар ойын күтеміз деп ешкім үш ұйықтаса да ойламаған шығар. Алғашқы шайқас “Сити оф Манчестер” стадионында өтіп, бұл ойында корольдік клуб 3:2 есебімен жеңіске жетті. Жауапты кездесуде Килиан Мбаппенің хет-тригінің арқасында 3:1 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды. ПСЖ қос ойында да “Брестке” еш мүмкіндік бермей, өз қақпасын құрғақ ұстады. “Баварияның” ойыны барлығын таң қалдырғаны соншалық, Каспер Шмейхель қалай жеңілгенін өзі де ұқпай қалды.

Плей-офф кезеңінің 1/8 финалы да нағыз интригаға толы болды. "Арсенал" білгенін істеді, "мадридтік" дерби шумен аяқталды, "ПСЖ" аман қалды, Эмеридің "Астон Вилласы" бұрынғы еуропаның чемпионы екенін есіне түсірді. "Бенфика" - "Барселона" тағы кездесті, "Боруссияны" құдай сақтады, "Интер" мен "Бавария" сенімді жеңіске жетті.  

Алғашқы кездесуде “Канонирлер” Эдегордың дублінен кейін ПСВ толығымен сөнді. Бірінші ойында 7 гол жіберіп, қарымтада 3 голмен шектелді. “Реал” өз алаңында алғашқы секундтарда гол жібергеннен кейін есін жиып, 2:1 есебімен жеңді. “Ванда Метрополитанода” өткен жауапты ойында пенальти сериясында “даудың басы — Альварестің пенальтиі” дегендей, төрешінің күмәнді шешімі арқылы жеңіп, мадридтің басты клубы екенін дәлелдеді.

ПСЖ – “Ливерпуль” ойыны нағыз интригалы матч болды. Алғашқы ойында париждіктер “скаузерлердің” қақпасына 27 соққы бағыттағанымен, соңғы минуттарда Харви Эллиоттың голынан кейін “Ливерпуль” жеңіске жетті. Қарымта кездесу “Энфилдте” өткенімен, француз ұжымы Усман Дембеленің керемет ойынының арқасында пенальти сериясында келесі кезеңге өтті. Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазы “Астон Вилла” “Брюггеге” еш мүмкіндік бермеді.

Ханс-Дитер Флик бастаған “Барселона” осы маусымда ойына келгенін істеп, “Бенфиканы” үш ойында да жеңді. Мюнхендік “Бавария” болса, “Байерді” екі ойында да жеңіп, былтырғы маусымдағы есесін қайтарды. Дортмундтық “Боруссия” “Лилльден” әрең басым түсті. “Интер” “Фейенордты” қос ойында да қиындықсыз жеңді.

Ширек финалдың қатысушылары кімдер?

«Арсенал» мен «Реал» араға 19 жыл салып, қайта жолықты. Унаи Эмери өзінің бұрынғы командасы ПСЖ-ға қарсы ойнайды. Каталондықтар екінші кезең қатарынан осы маусымдағы қарсыластарымен қайта кездеседі – бұл жолы “Боруссия” Дортмундпен. «Интердің» қақпашысы Ян Зоммер Мюнхенге қайта оралады.

Осыған дейін клубтар неше рет бір-бірімен кездескен?

2005/2006 маусымында “Реал” мен “Арсенал” алғаш рет кездесіп, қос ойында Тьерри Анридің жалғыз голының арқасында “зеңбірекшілер” келесі кезеңге шықты. ПСЖ мен “Астон Вилла” өз тарихтарында алғаш рет кездескелі отыр. “Боруссия” мен “Барселона” осыған дейін 5 рет кездескен — “Барселона” 3 рет жеңіп, 2 ойында тең түскен. “Бавария” мен “Интер” 1988 жылдан бері ресми 10 рет кездесіп, 5 рет немістер, 3 рет “нерадзурри” жеңіске жетіп, 1 ойын тең аяқталған.