«Реал» соңғы 11 жылдағы клубтық антирекорд орнатты

Әлеуметтік желі
5 сәуір күні Ла Лиганың 30-туры аясында мадридтік «Реал» өз алаңында «Валенсиядан» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Бұл туралы Bassport.kz хабарлайды.
Ойынның 13-минутында «Реалдың» бразилиялық шабуылшысы Винисиус Жуниор пенальтиден есеп аша алмады — оның соққысын қонақтардың қақпашысы Георгий Мамардашвили қайтарып жіберді.
Бұл мадридтік клуб үшін биылғы маусымдағы бесінші соғылмаған пенальти болды. Жалпы алғанда «Реал» түрлі жарыстарда 16 пенальти орындап, соның 11-ін ғана голға айналдырған. Бір маусымда бес пенальтиді мүлт кетіру — клуб үшін 2013/14 жылғы маусымнан бергі ең нашар көрсеткіш. Сол маусымда команда Ла Лигада үшінші орын алғанымен, Испания кубогы мен Чемпиондар лигасын жеңіп алған болатын.
Қазір «Реал» Испания чемпионатының турнирлік кестесінде екінші орында тұр. Команда көш бастап тұрған «Барселонадан» төрт ұпайға қалып келеді.