Ұлттық спорт қауымдастығының жаңа президенті сайланды
ҚР Туризм және спорт министрлігі
1 ақпан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының кезектен тыс жалпы отырысы өтіп, жаңа президенті сайланды. Бұл қызметке бірауыздан Еркебұлан Сайдоллаұлы Ілиясов бекітілді.
Жиынға ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, ұлттық спорт федерацияларының президенттері мен өкілдері қатысты. Бұған дейін қауымдастықты басқарған Исламбек Салжанов соңғы екі жылдағы жұмысына есеп беріп, ұлттық спорттың дамуына қосқан үлесі үшін алғысқа ие болды.
«Ұлттық спорт – халқымыздың жаны, ұрпақтарды байланыстыратын құндылық. Біз бай мәдениетімізді дәріптеп, қазақ этникалық спортының әлемге танылуына күш саламыз», – деді жаңадан сайланған президент Еркебұлан Ілиясов.
Сондай-ақ, қауымдастық мүшелері Бақдәулет Сәбитовті вице-президент – атқарушы директор (қоғамдық негізде) ретінде сайлады.
Еркебұлан Ілиясов – «Alageum Electric» электр машина жасау холдингінің Директорлар кеңесінің төрағасы. 2023 жылдан бері «Жамбы ату» федерациясын, ал 2024 жылдан бастап арқан тартыс ұлттық спорт федерациясын басқарды. Қазақтың дәстүрлі спорттарын дамытуға белсенді атсалысып келеді.