Олимпиада чемпиондары Астанада: Жеңіл атлетикадан әлемдік деңгейдегі үздік турнир туралы
ҰОК
Астанада жақында әлемдік жеңіл атлетиканың жұлдыздары жиналады. Олар қысқы маусымда ерекше орын алатын беделді жарыстардың бірі World Athletics Indoor Tour Gold сериясының кезеңінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды BasSport.kz.
Толығырақ ақпаратты Olympic.kz материалында оқи аласыздар. World Athletics Indoor Tour Gold – бұл 2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жеңіл атлетика бойынша жоғары деңгейдегі қысқы жарыстар сериясы. Аталмыш дода жыл сайын әлемнің ең үздік спортшыларын жинайды. Ол жазғы маусымда өтетін «Гауһар лигаға» ұқсас. Турнир – әлемдік чемпионатқа іріктеу, рейтингтік ұпай жинау, рекордтар орнату және жүлде алу мүмкіндігін беретін толыққанды спорттық оқиға.
Бұл кезеңдерде бәсекелестік өте жоғары. World Athletics Indoor Tour Gold сериясы халықаралық күнтізбедегі әлемдік деңгейдегі жарыстардың бастамасы. Әрине, барлық кезеңде қатысушылар құрамы бірдей емес. Спортшылар өздерінің дайындық кестесіне сәйкес ең қолайлы жарыстарды таңдайды.
Дегенмен, әр кезеңде жеңіл атлетиканың түрлі жұлдыздары қатысып, жарыстың беделін арттырады. Астанада өтетін турнир де бұл қатардан тыс қалмайды.
Елордадағы турнир Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes атауымен өтеді. Ол 25 қаңтарда ұйымдастырылады және, жоғарыда айтылғандай, тоғыз жоспарланған кезеңнің алғашқысы болмақ. Қазақстаннан кейін World Athletics Indoor Tour Gold кезеңдері Белградта (Сербия), Бостонда (АҚШ), Остравда (Чехия), Карлсруэде (Германия), Нью-Йоркте (АҚШ), Льевенде (Франция), Торунда (Польша) және Мадридте (Испания) өтеді.
Әр кезеңде спортшылар өз өнерлері үшін ұпай жинайды. Осылайша, барлық кезеңдер аяқталған соң, өз дисциплинасында ең көп ұпай жинаған спортшылар жеңімпаз атанады. Биылғы World Athletics Indoor Tour Gold жарысында жеңіске жеткен жеңіл атлеттер 21-23 наурызда Қытайдың Нанкин қаласында өтетін жабық кешендегі әлем чемпионатына қатысуға арналған Wildcard иелену мүмкіндігіне ие болады.
Қазақстан астанасы бұл жарысты тарихта екінші рет қабылдамақ. World Athletics Indoor Tour Gold кезеңі алғаш рет Астанада 2024 жылы өтіп, әлемдік элиталық турдың бір бөлігіне айналды. Сол жылы басты жұлдыз ретінде швед спортшысы Арман Дюплантис танылды. "Мондо" лақап атымен танымал, сырықпен секіруден өнер көрсететін бұл спортшы 25 жасында екі Олимпиада, төрт әлем чемпионатын (екеуі жабық кешенде) жеңіп алып, он әлемдік рекорд орнатқан.
Биыл ол Астанаға келмейді, бірақ алдағы жарысқа қатысушылардың тізімі әлі де мықты атлеттерге толы болмақ. Олардың қатарында канадалық Андре Де Грасс бар. Бұл спортшы ямайкалық Усэйн Болтпен соңғы Олимпиадасында бақ сынасқан. 2016 жылы Рио Олимпиадасының 200 метрге жүгіруден жартылай финалда Болт пен Де Грасс мәре сызығында бір-біріне күлімдеп, көрермендерді тәнті еткен ерекше сәтті сыйлады. Бұл оқиға кеңінен тарап, көптеген видео мен суретке арқау болған. Нәтижесінде Усэйн Болт жеңімпаз атанған еді.
Андре Де Грасс жеңіл атлетикадағы бай мансабымен танымал. Оның қоржынында екі алтын, екі күміс және үш қола Олимпиада медалі бар. Сондай-ақ, ол әлем чемпионатында жеңіске жетіп, бір рет күміс және үш рет қола жүлдегер атанған. Айта кету керек, Де Грасс Астанада екінші рет жарысқа қатысқалы отыр. Өткен маусымда ол елорданың қатал ауа-райына тәнті болған еді.
"Жаңа ғана Астанаға қондым. Мұндай суыққа сай келетін жақсы күртеше таңдағаныма қуаныштымын", – деп бөліскен еді.
Алайда, Де Грасс жеңіске жете алмады. Ол 60 метр қашықтықта алтыншы орынмен шектелді. Биыл канадалық спортшының басты қарсыластарының бірі ямайкалық Кишейн Томпсон болмақ. Жас желаяқ Париж Олимпиадасында 100 метр қашықтықта күміс медаль алып, болашағынан үміт күттірер спортшылардың қатарына енді. Бұл жарыста Томпсон өз әлеуетін толықтай аша алады деп күтілуде.
400 метрге жүгіруде жарыс жолына британдық Алекс Хэйдок-Уилсон шығады. Оның басты жетістігі – 2024 жылғы Олимпиада ойындарында екі қола медаль жеңіп алуы. Сонымен қатар, ол әлем чемпионатында үшінші орын алған.
Секіру кезеңінде көрермендердің назары америкалық Маркиз Дендиге аумақ. Жабық кешендегі әлем чемпионатының алтын және қола жүлдегері бұл жолы ұзындыққа секіруде бақ сынайды.
Турнир Кениядан келген "патшаларсыз" өтпейді. 1500 метр қашықтықта бірінші орын үшін Корнелиус Тувей таласатын болады.
Әйелдер арасында ерекше көзге түсетін спортшылардың бірі – Ямайка спортшысы Наташа Моррисон. Ол Астанаға Олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы және екі дүркін жүлдегері мәртебесінде келеді. Ол 60 метрге жүгіруде бақ сынайды. Оның басты қарсыластары – жас ямайкалық Тиа және Тина Клэйтон.
Бұл қос спортшы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бірнеше рет жеңіске жеткен. Оның ішінде Тиа ерекше көзге түсіп, 2024 жылғы Олимпиадаға Ямайка құрамасының сапында қатысқан. Ол 100 метрге жүгіруде және 4x100 метрлік эстафетада (тиісінше 7 және 5 орын) финалға жеткен.
Сонымен қатар, жарысқа Барбадос өкілі Сада Уильямс та қатысады. Ол 400 метрге жүгіруде әлем чемпионатында екі рет үшінші орын алған.
60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде жарысқа қатысушылардың көшін америкалық Ниа Али бастайды. Бұл спортшы 2016 жылы Рио Олимпиадасында екінші орын алып, үш жылдан кейін әлем чемпионы атанған. Сондай-ақ, ол жабық кешендегі әлем чемпионатында екі алтын медаль иеленген.
Ұзақ қашықтыққа жүгіруде Хирут Мешеша (Эфиопия) жарысқа түседі. Ол әлем чемпионатының қола жүлдегері ретінде 3000 метрлік қашықтықты бағындыруға тырысады.
Бұл – турнирге қатысатын шетелдік спортшылардың толық тізімі емес. Біз тек ең танымал атлеттерді атап өттік. Қатысушылардың толық тізімі, соның ішінде Қазақстан атынан қатысатын спортшылардың есімі кейінірек жарияланады. 17 қаңтарда Қазақстан кубогы басталды. Ұлттық құраманың бапкерлер штабы спортшылардың қазіргі жағдайын ескеріп, шешім қабылдайды деп күтілуде. Айта кетсек, былтыр осы жарыста Давид Ефремов 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Қазақстан рекордын орнатқан.
Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes турнирінің жарыс бағдарламасында медальдар келесі дисциплиналар бойынша сарапқа салынады:
Ерлер: 60 метр; 60 метр кедергілер арқылы жүгіру; 400 метр; 1500 метр; Биіктікке секіру; Ұзындыққа секіру.
Әйелдер: 60 метр; 60 метр кедергілер арқылы жүгіру; 400 метр; 3000 метр; Биіктікке секіру; Үш қарғып секіру; Ядро итеру.
World Athletics Indoor Tour Gold – қысқы жеңіл атлетика маусымы туралы қалыптасқан қауесеттерді сейілтетін жарыс. Бұл жерде жылдамдық, күш, техника және үздік спортшылардың өнері көрініс табады. Осындай сипатқа ие шараны өткізіп алуға болмайды.