Паранастольды теннис федерациясының президенті 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды
Instagram: @01pk
Республикадағы паранастольды теннис федерациясының президенті Перизат Қайрат 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Bassport.kz. Бұл туралы 14 қарашада meta-ratings.kz сайты мәлім етті.
Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан хабарламада аталған соманың бір бөлігі оның сәнді заттар мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны айтылған. Осы жылдың көктемінде ол елордадағы автосалондардан Mercedes-Benz S450 көлігін 88 миллион теңгеге, Lexus LX-600 көлігін 80 миллион теңгеге және Haval көлігін 39 миллион теңгеге сатып алған.
Сондай-ақ, Астанадағы «Ақбұлақ Ривьера», Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендерінен және Vela Village коттедж қалашығынан 600 миллион теңгеге элиталық жылжымайтын мүлік алған.
Агенттік мәліметі бойынша, қайырымдылық есебінен түскен қаражатқа Перизат Қайрат Доха, Дубай, Лондон және Стамбул қалаларына бірнеше рет демалысқа шығып, St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinski сияқты люкс қонақ үйлерде тоқтаған. Сол сапарларда ол Cartier және Louis Vuitton брендтерінің қымбат әшекейлерін және аксессуарларын сатып алған, сәнді мейрамханаларға барып, яхтамен теңіз саяхатын жасаған.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін ол жақын достары мен туыстарын тартып, олар қайырымдылық қорынан түскен ақшаны 8 пайыз сыйақы үшін қолма-қол ақшаға айналдырған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Перизат «Biz Birgemiz» қорының жобаларын басқарған.