Талғат Жайлауов - Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері

Талғат Жайлауов - Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері
Хоккей

Қазақстан хоккей федерациясы

Талғат Жайлауов Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Жаттықтырушылар штабы таныстырылды, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі. 

Бұл туралы Қазақстан хоккей федерациясы ресми түрде хабарлады. 

Талғат Жайлауов Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Ұлттық құрама20–23 қараша күндері Қытайда өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастайды. Сонымен қатар жаттықтырушылар штабына Константин Пушкарёв, Андрей Корабейников және Александр Кудрявцев қосылды. 

Талғат Жайлауов қазір «Барыс» командасының жаттықтырушылар штабында қызмет етеді, мұнда ол бұған дейін де 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қазанына дейін жұмыс істеген. 2024 жылғы Олимпиадалық іріктеу турнирінде, 2025 жылғы Азия чемпионатында, сондай-ақ 2025 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құраманың бас бапкерінің көмекшісі болды. Хоккейші ретінде жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамалар сапында өнер көрсетті. Ересектер құрамасында 2006 жылы дебют жасап, 9 әлем чемпионатына, үш олимпиадалық іріктеу турниріне және 2007, 2011 жылдардағы Азия ойындарына қатысты. IIHF аясында 59 ресми матч өткізген. Әр жылдары өзі түлеп ұшқан клубы «Қазцинк-Торпедо», «Барыс» және «Номад» командаларында ойнады. Ойыншы ретіндегі мансабын 2020 жылы Қарағандының «Сарыарқа» клубында аяқтады.


Константин Пушкарёв биылғы маусымнан бастап астаналық «Номад» клубының бас бапкері болып табылады, қазіргі уақытта оның командасы Қазақстан чемпионатының турнир кестесінде көш бастап тұр. 2023–2024 маусымында ол «Барыс» клубының да жаттықтырушылар штабында жұмыс істеген. Ол 2003 жылғы ҰХЛ драфтында «Лос-Анджелес Кингз» клубы тарапынан 2-раундта, жалпы 44-нөмірмен таңдалған. Аталған клубтағы дебюті 2005–2006 маусымында өтті, ал алғашқы голын 2007 жылғы 8 қаңтарда соқты. Екі маусым ішінде ол «Кингз» сапында 17 матч өткізіп, 4 (2+2) ұпай жинады. Ұлттық құрама сапында 7 әлем чемпионатына және екі олимпиадалық іріктеу турниріне қатысқан.

Жасөспірімдер және жастар құрамаларында өнер көрсеткен, ал ұлттық құрамадағы дебюті 2011 жылы өтті. Құрама сапында 43 ресми матч өткізді. ҰХЛ-де «Лос-Анджелес Кингз» құрамында ойнады, негізгі ойын тәжірибесін АХЛ-де жинады. ҚХЛ-де «Авангард», ЦСКА, «Металлург» және «Барыс» клубтарының сапында өнер көрсетті. Ойыншы ретіндегі мансабын 2019 жылы «Алматы» клубында аяқтады.

Андрей Корабейников өткен маусымнан бері Өскеменнің «Торпедо» клубын басқарып келеді. Ол өз командасымен бірге Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды, ал қазір клуб турнир кестесінде екінші орында тұр. Жаттықтырушылық мансабын 2019 жылы ЖХЛ-дегі «Алтай» клубында, сондай-ақ Jastar Ligasy-де жастар құрамасының «Торпедосында» бастады. 2021–2024 жылдары негізгі «Торпедо» командасының жаттықтырушылар штабында жұмыс істеді. Қорғаушы ретінде екі жасөспірімдер және екі жастар әлем чемпионатында өнер көрсетті. Ұлттық құрамадағы дебюті 2008–2009 маусымындағы олимпиадалық іріктеу турнирінде өтті, үш әлем чемпионатына қатысты, ересектер құрамасы сапында 22 ресми матч өткізді. Әр жылдары «Қазцинк-Торпедо», ҚХЛ-дегі «Барыс» пен Новокузнецкінің «Металлург», сондай-ақ ЖХЛ-дегі «Югра», «Торос», «Рубин» және «Дизель» командаларында ойнады. Ойыншы ретіндегі мансабын 2019 жылы аяқтады.

Александр Кудрявцев — тәжірибесі мол жаттықтырушы, ол «Астана» ХК және «Снежные Барсы» командаларында қақпашылармен жұмыс істеген. 2022 және 2023 жылдардағы жастар әлем чемпионаттарында, сондай-ақ 2023 және 2024 жылдардағы әйелдер құрамасының әлем чемпионаттарында жаттықтырушылар штабында болды. Биылғы маусымнан бастап «Номад» клубының жаттықтырушылар құрамында қызмет етеді. Барлық бапкерлер – Өскемен хоккей мектебінің түлектері. Бұл – ұлттық құраманың тарихындағы ең жас жаттықтырушылар штабы, орташа жасы 40-тан төмен.