Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираздың жекпе-жегі бола ма?
Steve Marcus/Getty Images
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен британдық Хамза Шираз арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыру бойынша промоутерлік сауда өткізуді міндеттеді.
Бұған дейін WBO қос боксшының менеджерлеріне жекпе-жек шарттарын өзара келісуге бір ай уақыт берген болатын, алайда тараптар ортақ шешімге келе алмады. Енді ұйым 18 қарашада Пуэрто-Рикода промоутерлік сауда өткізуге міндеттеп отыр.
Алдағы промоутерлік сауданың ең төменгі жүлде қоры – 200 000 АҚШ доллары. Бұл сома 75/25 үлесі бойынша бөлінбек, яғни жекпе-жек чемпионның елінде немесе бейтарап жерде өтсе, қаржының 75%-ы Жәнібек Әлімханұлының пайдасына тиесілі болады. Ал, егер кездесу Шираздың отанында ұйымдастырылса, үлес 80/20 пропорциясымен сақталады.
Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBO және IBF белдіктерінің иегері екенін еске сала кетейік. Соңғы кездесуін 4 қазанда Аустралияда өткізіп, жаңазеландиялық Андрей Михайловичті нокаутпен жеңіп, чемпиондық атағын қорғаған еді.