Ресейлік «Торпедо» командасы «Барыс» қақпасына 10 шайба соқты

Ресейлік «Торпедо» командасы «Барыс» қақпасына 10 шайба соқты
Хоккей

Барыс ХК

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Торпедо» (Нижний Новгород) командасына қарсы өткізді. Bassport.kz бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды. 

Елордалық клуб биылғы маусымда сүреңсіз ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерінің үмітін аяқтай алмай жүр. Қазірге дейін 10 кездесудің 8-інде қарсыласына есе жіберді. Сол сәтсіздік сериясы бүгін де жалғасты. Бас бапкер қызметіне жақында тағайындалған ресейлік маман Вячеслав Буцаев та жеңістің кілтін таба алар емес. Оның жетекшілігімен өткен үш ойынның екеуінде елордалық команда қарсыластарына есе жіберді. 

Кездесу барысында «Торпедо» сапынан Дмитрий Кагарлицкий 9, Никита Артамонов 12-минутта екі гол соғып кетті. Оған Антон Бурдасов 14-минутта бір голмен жауап қайырды.

Екінші кезеңде ресейлік команда төрт голмен басымдықты арттыра түсті. Оны Михаил Орлов 28, Михаил Абрамов 32, Бобби Линч 33, Никита Шавин 34, Денис Почивалов 39-минутта өзінің еншісіне жазды. Үшінші кезеңде Сергей Гончарук 47, Владислав Фирстов 53, Евгений Свечников 55-минутта мергендік танытты. Осылайша елордалық клуб қарсыласына 1:10 есебімен есе жіберіп, бұл маусымда ең ірі жеңілістің ащы дәмін татты. 

Қазақстандық команда алдағы үш ойынын сырт алаңда өткізеді. Алдымен 3 қазанда Ресейде «Спартак» (Мәскеу) командасымен ойнаса, одан кейін 5 қазанда «Авангард» (Омбы), 7 қазанда «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен шеберлік байқасады.