"Мықтылар турнирі": Қарағандыда бокстан Азия чемпионатына іріктеу турнирі өтеді
Тұрар Қазанғапов
22-28 қыркүйек күндері Қарағанды қаласында әйелдер боксынан "Мықтылар турнирі" өтеді, деп хабарлайды Bassport.kz Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жарыс қарашада Иорданияда өтетін Азия чемпионатына іріктеу саналады.
Турнирде 19-40 жас аралығындағы спортшылар 12 салмақ дәрежесі бойынша: 48 кг, 50 кг, 52 кг, 54 кг, 57 кг, 60 кг, 63кг, 66 кг, 70 кг, 75 кг, 81 кг, +81 кг күш байқасады.
2006 жылғы қатысушылар бас бапкердің рұқсатымен ғана жарысқа жіберіледі. Өтініштер 16 қыркүйекке дейін қабылданады.
Қазақстан бокс федерациясы аталмыш жарысты барынша ашық өткізу үшін тікелей көрсетілім, толыққанды ақпарат тарату және таза төрелік тұрғысынан қамтамасыз етеді.
Айта кетерлік жәйт, Қарағандыдағы бәсекеде боксшылар арнайы бас киімсіз шаршы алаңға шығады. Бұл өзгеріс әйелдер боксында халықаралық аренада бұдан былай бас киім болмайтынымен байланысты. Соның ішінде жаңа ереже Азия чемпионатынан бастап енгізілмек.