Әлия Юсупова: Гимнастарымыз тарихи нәтиже көрсетіп, Олимпиадаға алғаш рет толық құрамда барады

Әлия Юсупова: Гимнастарымыз тарихи нәтиже көрсетіп, Олимпиадаға алғаш рет толық құрамда барады
Гимнастика

Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК

Париж Олимпиадасында гимнастикадан Қазақстан құрамасы тұңғыш рет толық құрамда қатысады. Атап айтар болсақ, төртжылдық додасына батутты гимнастикадан Данил Мұсабаев, спорттық гимнастикадан Милад Карими мен Нариман Курбанов, көркем гимнастикадан Эльжана Таниева іріктеуден өтті. Осы орайда, федерация президенті Әлия Юсупова гимнастардың іріктеу турнирлері мен Азия чемпионатындағы өнеріне жоғары баға берді, деп жазады Bassport.kz. 

Федерация басшысының айтуынша, Қазақстан гимнастиканың үш түрінен Олимпиадаға тұңғыш рет жолдама алып отыр.

«Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Гимнастиканың үш түрінен де Олимпиадада сынға түсеміз. Бұл біз үшін үлкен жетістік. 2016 жылы спорттық гимнастикадан, 2020 жылы батутты гимнастикадан жолдамасыз қалдық. Көркем гимнастика өкілдері 2004 жылдан бері Олимпиада ойындарына үздіксіз қатысып келеді. Міне, биыл Эльжана Таниева квота еншіледі. Батутты гимнастикадан Данил Мұсабаев, спорттық гимнастикадан Милад Карими мен Нариман Курбанов жолдама жеңіп алды. Бұл өте керемет нәтиже. Осы жетістікке жету үшін спортшылар, бапкерлер және федерация басшылығы бірлесе жұмыс істеді. Спортшылардың жанын түсініп, олармен сөйлесу керек. Өйткені, өзім де кезінде спортшы болдым. Қазір бапкер ретінде олардың көпшілік ұғына бермейтін сырларын түсінуге тырысамын», - деп атап өтті ұйым басшысы.

Әлия Мақсұтқызы Париж Олимпиадасына қатысатын спортшылардың маусым бойы тынымсыз еңбек етіп, физикалық тұрғыдан бөлек, психологиялық жағынан да үлкен сынақтан өткенін айтты.

«Данил Мұсабаев Олимпиадаға алғаш рет барғалы отыр. Ол әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша жолдамаға иелік етті. Бұл мүмкіндікті ол өзінің еңбекқорлығының арқасында жеңіп алды. Оның бұл жетістігіне өте қуаныштымыз. Милад Карими былтырғы әлем біріншілігінде квота иегері атанса, Нариман Курбанов жақында әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан орын алды. Эльжана Таниева былтырғы әлем біріншілігінде лицензия ала алмады. Содан соң, оған психологиялық жағынан жиналу өте қиын болды. Себебі, жауапкершілік жүгі ауыр еді. Десе де, Таниева сынып кетпеді. Бар жігерін жинап, құрлық додасында чемпион атанып, Париж ойындарына квота алды», - дейді федерация президенті.

Спорттық және көркем гимнастикадан лицензиялық Азия чемпионатын Өзбекстан астанасы Ташкент қабылдады. Біздің спортшылар Олимпиада қарсаңындағы тартысты турнирде аянып қалған жоқ. Ташкентте Карими мен Курбанов және Таниева чемпион атанды.

«Ташкенттегі нәтижені тарихи жетістік деп айтар едім. Нариман Курбанов тұтқалы ат снарядында чемпион атанып, Азияның екі дүркін жеңімпазы атанды. Милад Карими болса, тарихта тұңғыш рет көпсайыстан күміс жүлде, кермеден алтын медаль алды. Бұл Азия біріншілігі Олимпиада қарсаңындағы ірі жарыс саналады. Себебі, құрлық додасында жақсы өнер көрсету арқылы спортшылар өз мүмкіндіктерін бағамдап, жеңіске жету арқылы сенім ұялатады. Оның үстіне, Нариман мен Миладтың басты қарсыластары негізінен Азия құрлығында. Сондықтан, ешкім құрлық додасына жай, өзін тексеру үшін бармайды. Қандай жарысқа қатысса да, жүлде алып, жоғары нәтиже көрсетуге тырысады», - дейді Әлия Юсупова.

Сондай-ақ, Әлия Юсупова құрама үздігі Эльжана Таниеваның жолдама алу үшін үлкен психологиялық сынақтан өткенін мәлім етті.

«Эльжана Таниева былтырғы әлем біріншілігінде лицензиясыз қалды. Шыны керек, бұл оның өзіне үлкен соққы болды. Себебі, көркем гимнастика әлеміндегілер Таниеваның квота мәселесін шешіп тастайтынына сенімді еді. Яғни, жолдама алатын үздіктер қатарына қосты. Бірақ әлем чемпионатында Эльжананың жолы болмады. Азия ойындары да жақындап қалған. Сол кезде біз қысқа уақыт ішінде жаңа бағдарламалар жасақтап, Эльжананың психологиялық жағдайын реттеуге тырыстық.

Өздеріңіз көрдіңіздер, Азия ойындарында Эльжана Таниева екі күміс медаль жеңіп алды. Осыдан соң, ең соңғы лицензия Ташкенттегі Азия чемпионатында ойнатылатын болды. Алда жарты жылдай уақыт бар еді. Міне, осы уақыт аралығы спортшыға оңай болған жоқ. Жауапкершілік жүгі, жолдама алмай қалсам не болады деген ойлар маза бермеді оған. Сол кезде онымен жақсылап сөйлесіп, өмірдің тек қана Олимпиададан тұрмайтынын, егер квотасыз қалып жатса, бұған бола оны ешкім жек көрмейтінін түсіндіруге тырыстым.

Спортшымен сөйлесу керектігін тағы да қайталап айтамын. Кейде жақсы табылған сөз көп нәрсені шешеді. Жай гимнаст Азия ойындарынан екі күміс медаль алмайды. Оны да түсіндірдім. Осылайша, Азия чемпионатына келдік. Оның мұндағы басты қарсыластары Қытай мен Жапония спортшылары және өзіміздің тағы бір мықты спортшымыз Айбота Ертайқызы еді. Өте тартысты өткен чемпионатта Эльжана өте жақсы өнер көрсетіп, алтынды да, квотаны да алды. Енді біз оның бағдарламасын қиындатып, алдағы екі ірі жарыста сынап көреміз. Кейін Германияда жаттығу жиынын өткіземіз. Қазіргі әлем чемпионы Дарья Варфоломеев сол жақтан. Ал Олимпиадаға бір апта қалғанда климатқа бейімделу үшін Испанияда боламыз», - деді бас бапкер.

Қазіргі таңда Олимпиадаға жолдама алған спортшылар Париж ойындары қарсаңында өтетін әлемдік жарыстарға қатысып,шеберліктерін шыңдауда.