EURO-2024: Испания 1/8 финалда, Словения мен Сербия, Англия мен Дания ұпай бөлісті

EURO-2024: Испания 1/8 финалда, Словения мен Сербия, Англия мен Дания ұпай бөлісті
Футбол

UEFA.com

Еуропа Чемпионатында В және С тобындағы 2-тур ойындары өтті, деп хабарлайды BasSport.kz. 

Алдымен жасыл алаңға Словения мен Сербия құрамалары шықты. Мюнхендегі «Альянц Арена» стадионында футболшылар аянып қалған жоқ. Алма-кезек шабуылға шығып, гол соғып алудың жолын қарастырды. Бірақ бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ойындағы бірінші гол кездесудің 69-минутында ғана соғылды. Голды Словения құрамасының қорғаушысы Жан Карникник өз атына жазды. Өткен ойында Англиядан жеңілген сербиялықтар жағдайдың қиындай түскенін біліп, Словениямен ойында таразы басын теңестіруге ұмтылды. Лука Йович ойынның 96-минутында бұрыштамадан көтерілген допты ырқына бағындырып, қарсылас командасына гол салды. Осылайша ол Сербия құрамасын жеңілістен құтқарды. 

С тобындағы екінші ойында Англия құрамасы Даниямен тең түсті. Матч бір құраманың басымдығымен өткен жоқ. Англияға қарсы аутсайдер саналған Дания оңай шағылар жаңғақ емес екенін дәлелдеді. Англия сапынан Харри Кейннің 18-минутта салған голына, Мортен Хьюлманн 34-минутта жауап қатты. Ойынның екінші бөлігінде гол соғылмады. Франкфурттегі ойында қос құрама 1:1 есебімен тең тарқасты. 

Италияны минималды есеппен жеңген Испания құрамасы 1/8 финалға жолдама алды. Осыған дейін плей-офф кезеңіне Германия шыққан болатын. Әзірге «қызыл фуриялықтар» ұпайдан шашау шығара қойған жоқ. 

Гельзенкирхен қаласында өткен матчта ойын тағдырын бір автогол шешіп кетті. 55-минутта италиялық қорғаушы Риккардо Калафиори допты өз қақпасына соғып алды. Бұл гол Испанияға жеңіске жетуге жеткілікті болды.