«Насихат пен стратегия жетпейді»: Мамандар Қазақстанда қыздар футзалының неліктен кенжелеп қалғанын айтты

«Насихат пен стратегия жетпейді»: Мамандар Қазақстанда қыздар футзалының неліктен кенжелеп қалғанын айтты
Футзал

Елімізде жыл сайын қарқын алып келе жатқан командалық спорт түрлерінің бірі – футзал. Аталған спорт түрінен Қазақстан әлемдік деңгейдегі құрама саналады. Себебі, отандық футзал өкілдері әлем, Еуропа чемпионаттары мен Чемпиондар лигасында атой салып жүр. Өкініштісі сол, ерлер арасында футзалға деген қызығушылық жоғары болғанымен, әйелдер футзалы тасада қалып қойған. Тіпті, ұлттық құрама ойыншылары туралы мардымды ақпарат табу қиын. Бұл – қыздар арасындағы футзал қарқынының тым төмендігін көрсетеді. Қазақстанда қыздар футзалы неге көлеңкеде қалды? Әйелдер арасындағы шағын футболды дамытудың жолдары қандай? Футзалдан әйелдер лигасының ашылуына не кедергі? Bassport.kz осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Құрама бар, лига жоқ

Футзалдан Қазақстан әйелдер құрамасы туралы ақпаратты там-тұмдап жинауға болады. Ойыншылар мен команда жайлы толық мәлімет жоқтың қасы. Бір анығы, футзалдан Қазақстан әйелдер құрамасы 2018 жылдан бастап екі рет Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысқан. Өкініштісі сол, екі іріктеу кезеңінде де отандық футзалшы қыздар қарсыластарынан ойсырай жеңілді. 2019 жылғы Еуропа біріншілігіне іріктеу кезеңінде Белоруссиядан 0:8 есебімен ұтылып, өз тарихындағы ең ірі жеңілісті тіркеген еді. Араға азғантай уақыт салып, 2022 жылғы футзалдан Еуропа біріншілігіне іріктеу турнирі аясында Словакиядан 1:11 есебімен жеңілді. Әзірге, футзалдан Қазақстан әйелдер командасы туралы осыдан артық мәлімет жоқ. Қазақстан футбол федерациясының өкілі Сейіл Қожатайдың айтуынша, қазіргі таңда елімізде әйелдер футзалынан кәсіби лига құрылмаған. Десе де, ұлттық құраманы қайта жасақтау жолдары қаралып жатыр.

«Бұған дейін футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирлеріне қатысты. Бірақ ірі есеппен жеңіліп, жарысты аяқтады. Әйелдер футзалынан ұлттық құраманы жасақтаған кезде негізінен студенттердің әуесқой лигасында ойнайтын қыздар командаға тартылды. Себебі, елімізде кәсіби лига әлі құрылмаған. Одан бөлек, бұған дейін ұлттық құрамаға футболшы қыздар да шақырту алатын. Қазір олардың екі жақта ойнауына тыйым салды. Сондықтан, алдағы уақытта құраманы жасақтау барысында тек қана футзалшы қыздарға көңіл бөлінеді», - дейді Қожатай.

Дұрыс стратегия – дұрыс жол

Футзалдан қыздар арасындағы кәсіби лиганың жоқтығы аталған спорт түрінің елімізде кеңінен таралуына тұсау боп тұрғаны анық. Себебі, ішкі чемпионаты, тұрақты ойын кестесі жоқ команданың әлемдік жарыстарда алысқа шабуы неғайбыл. Мәселен, әйелдер футзалынан көршілес Өзбекстанның өз лигасы, бірнеше командасы бар. Өзбекстан құрамасы футзалдан Орталық Азия чемпионатына (CAFA women’s futsal championship) қатысып, былтыр күміс жүлдегер атанды. Одан бөлек ел кубогіне оннан аса команда қатысып, өзара АФУ кубогін сарапқа салады. Ішкі лиганың қарқынды дамуы болашақта құрама ойынының да алға басуына тікелей әсер етері анық.

Әзірге, Қазақстандағы әйелдер футзалы мұндай жетістікпен мақтана алмайды. Алайда, соңғы уақытта футзалдан әйелдер лигасын құру мәселесін мамандар жиі көтеріп жүр. Мәселен, белгілі спорт менеджері, «Семей» футзал клубының директоры Аслан Смақов бұл жерде мықты стратегия керектігін айтады.

«Бізде қыздар арасындағы чемпионат жоқ, қалалардың өз клубтары да құрылмаған. Қазіргі таңда әлемде әйелдер спортына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан, бізге де тезірек қимылдаған дұрыс. Қазақстанға 100 пайыз өз лигасын құру керек. Бұл тек қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде орындалса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Сондықтан, бұл сұраққа толыққанды және құрылымдық тұрғыдан қарау керек. Ақпараттық қолдаудан бастап, жергілікті қалалық әкімшіліктермен байланыс орнатуға мән берген дұрыс. Әрине, бұл көп уақыт пен күшті және біршама міндеттемелерді қажет етеді. Ең басты кедергілердің бірі – базаның жоқтығы. Сондай-ақ, елдегі әйелдер футзалын дамытудың дұрыс стратегиясын құру керек. Егер қоғаммен байланыс орнап, әйелдер футзалы масс-медиа арқылы жиі насихаттаса, нәтиже көп күттірмейді», - дейді Смақов.

Осы орайда, футзалдан Еуропа чемпионатының іріктеу сынына қатысқан қыздармен байланыс орнатуға тырысып көрдік. Алайда, олардың басым бөлігі футзалдан жырақтап қалғанын жеткізді. Бірі шетел асса, енді бірі үлкен футболдан нәпақасын тауып жүр. Ұлттық лиганың жоқтығы осы бір спорт түрінің насихатына да, спортшыларға да қолбайлау боп тұрғанына көз жетті.

Ерлер футзалы қалыпқа түсті, ендігі кезек - қыздарда

Отандық футзалдың жұлдызы, «Қайрат» клубының белді ойыншысы болған Серік Жаманқұлов әйелдер лигасын дамыту үшін ерлердің тәжірибесін пайдалану керектігін жеткізді. Оның айтуынша, еліміздегі ерлер арасындағы футзалдың дамуы әйелдер додасына да серпіліс беруі тиіс.


«Әрбір спортта, мейлі ол ерлер, мейлі қыздар арасында болсын, бәрі бірден жақсы болып кетпейді. Оған уақыт, күш, инфрақұрылым мен стратегия қажет болады. Суперлига мен Премьер-лигаға жеткенге дейін, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытсақ, кейін лига құру қажеттілігі туындайды. Менің білуімше, Ресейде футзал осы жоба бойынша жақсы жетілген. Олар ерлер арасындағы футзалды дамыту үшін жоғары оқу орындары мен мектеп оқушылары арасындағы лиганы нығайтты. Клубтардың балалар мектебін дамытып, кейін чемпионаттар құра бастады. Қазір елімізде ерлер арасындағы футзал бір арнаға түсіп, әлемдік деңгейдегі командалармен санасатын деңгейге жетті. Өз чемпионатымыз бар, әрбір клуб балалар академиясын жасақтап жатыр. 13,15,17 және 19 жас аралығындағы спортшылардың өз чемпионаты бар. Міне, ерлер футзалындағы жағдай реттеліп қалды. Енді осы жүйеге қыздар футзалын да қоса бастау керек. Бұл қаражат пен инфрақұрылымды талап етеді, бірақ біз дені сау ұрпақ тәрбиелеп, спортты насихаттау жолында елге үлкен пайда әкелеміз. Қыздарымыз да тасада қалмауы тиіс», - дейді Серік Жаманқұлов.

Футзалдан ұлттық лига не үшін керек?

Қазіргі таңда әйелдер спортына әлем ерекше назар аударып отыр. Үш айдан соң басталатын Париж Олимпиадасы әйелдер ең көп қатысатын алғашқы жазғы ойын болмақ. Жарысқа қатысатын 10500 спортшының тең жартысы, яғни, 5250-і әйелдерден құралған. Еліміздегі қыздар футзалын дамытуға бұл фактор да серпін болуы керек. Себебі, футзалды дамытып, әйелдердің кәсіби лигасын құру гендерлік теңдікті сақтаудан бөлек, отандық инфрақұрылымды реттеп, бұқаралық спорт пен балалар және жасөспірімдер спортын өркендетуге жол ашады.

Елімізде әйелдер футзалының кәсіби лигасын құрудың пайдасы қандай?

Біріншіден, өзіндік лигасы жоқ елдің ұлттық құрамасы алысқа шаппайды. Оның үстіне, Қазақстан УЕФА құрамында болғандықтан, қарт құрлықтағы адуынды қарсыластардан бөлек, ортаңқол командалардың өзі кәсіби лигасы жоқ, жан-жақтан жиналған ұжымды тас-талқан етеді. Екіншіден, әйелдер футзалын дамыту арқылы балалар мен жасөспірімдердің үлкен спортқа, салауатты өмір салтына деген көзқарасын өзгертуге мүмкіндік мол. Себебі, футзал үлкен футбол секілді тым ауқымды инфрақұрылымды қажет етпейді. Ең бастысы – кәсіби база, заманауи алаң мен жүйесі жолға қойылған лига қажет.

Үшіншіден, футзал әлемдік деңгейде жаңа биікке көтерілуде. Бүгінде футзалдан әлем чемпионаттары мен Чемпиондар лигасы қалың көрермен жинайды. Ал әйелдер арасында лига құрылып, жұмысы жүйеленетін болса, бұл жанкүйерлердің де спортқа деген ынтасын арттыратыны анық. Командалық ойын түрлерінде жанкүйердің де рөлі үлкен. Түптеп келгенде, ойыншылар қалың жанкүйер үшін ойнайды.

Төртіншіден, қазіргі таңда Қазақстан командалық ойын түрлерінен ақсап келеді. Гандбол, волейбол, су добынан ұлттық лигамыз бен командаларымыз болса да, әлемдік деңгейде тайталасуға шамамыз жетер емес. Әйелдер футзалын дамыту арқылы еліміздегі командалық спорт түрлеріне деген басшылық пен жанкүйер назарын аударту мүмкіндігі туындайды.

Бұл жерде отандық футзалға демеушілер қолдауы ауадай қажет. Себебі, үлкен спорт үлкен қаражатты талап етеді. Демеушілік тұрғысына келгенде, "Семей" футзал клубы мен EA Group холдинг арасындағы әріптестік баршаға үлгі болады деп ойлаймыз.

Бізге насихат жетпей жатыр

Сөз соңында «Семей» футзал клубының директоры Аслан Смақовтың сөзіне тағы жүгінгіміз кеп тұр. Танымал маман әйелдер футзалын дамыту үшін насихаттың жетпей жатқанын ашына айтты.

«Егер жақсы жағдай жасап, қыздарды тартатын, оларға қолдау көрсететін жарасымды орта құрсақ, әйелдер қауымының футзалға деген қызығушылығын арттыруға болады. Ол үшін не істеу керек? Біріншіден, қыздар арасында футзал жарыстары мен турнирлерді көбірек өткізу қажет. Арнайы қыздарға арналған жарыстар олардың ойынға деген қызығушылыгын оятып, өздерін футзал қауымдастығының бір бөлшегі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Екіншіден, әйелдер футзалына назар аудартқан дұрыс. Әйелдер футзалын әлеуметтік желілер, жергілікті медиа мен іс-шаралар арқылы насихаттау бұл ойынға деген көпшілік назарын аудартып, қыздардың футзалға деген ықыласын арттырады. Үшіншіден, жергілікті билік органдары мен спорттық ұйымдардың қолдауы қажет. Төртінші мәселе – бұл қалаларда футзалдан әйелдер командаларын құру. Қыздар командасының жасақталуы олардың бірге жаттығып, бірге жарысуына мүмкіндік береді және тиісінше өздерін қоғамдастық бөлшегі ретінде сезініп, спортқа деген ынтасын арттырады», - дейді ол.

P.S. Иә, елімізде инфрақұрылым мәселесі бар. Десе де, футзалды балалар мен студенттер арасында қолжетімді қылудың да жолдары көп. Қазақстанда жылдың басым бөлігінде ауа райы салқын болады. Бұл аталған спорт түрін дамыту үшін өте қолайлы. Әрбір мектеп пен университетте команда құрып, оларды ішкі лигаларда ойнатуға болады.

Бұл футзалдың дамуына үлкен серпін беріп, кәсіби футзалға дайын ойыншылардың ағылуына септігін тигізері сөзсіз. Футзалды дамыту мәселесі әрдайым күн тәртібінде тұруы тиіс. Сондай-ақ, клубтың дамуына жауапты менеджерлер жұмысын қосып, өз қалаларындағы аудиториямен байланысты ретке келтіру қажет. Инфрақұрылым мен маркетингке жаңа көзқараспен қарау да маңызды қадам болмақ.