"Бақбергенова бас тартты": Бас бапкер Елена Шалыгинаның неліктен іріктеу сынына баратынын айтты

Әйелдер күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Қайрат Сағадиев Стамбулда өтетін соңғы лицензиялық турнирге қатысатын балуандарға қатысты пікірін айтты. Ол 68 келі салмақта таңдау неліктен Елена Шалыгинаға түскенін де түсіндірді, деп хабарлайды Olympic.kz.

Бапкердің мәліметінше, 68 келі салмақтағы балуандарды таңдау барысында біраз пікірталас болған.

«68 келі салмақта Елена Шалыгина белдесетін болды. Негізі, Бішкектегі турнирден соң Альбина Қайыргелдинованы да үміткер ретінде қарадық. Альбина әлі жас балуан, Азия чемпионатында да көзге түсе алмады. Сондықтан, бапкерлер мен федерация ақылдаса келе, Елена мен Альбина арасында өзара белдесу өткізуді жөн санадық. Сол кездесуде Шалыгина айқын басымдықпен жеңіп, Стамбулдағы турнирге қатысу құқығын алып отыр. Бұл салмақта Мадина Бақбергенованың да бар екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бірақ Мадина іріктеу турнирлеріне қатысудан өзі бас тартты. Ол тұрмыс құрып, балалы болған соң, дереу кілемге оралды. Бірден Азия чемпионы атанды. Оның бұл жетістігі үлкен ерлік екені анық. Алайда, уақыт өте келе денсаулығы сыр бере бастады. Белінде жарақаты бар. Қазақстан чемпионатының финалында да Шалыгинамен белдесуден жарақатына байланысты бас тартты. Жарыс жақындаған кезде белі сыр береді. Соның салдарынан Мадинаны қаншама турнирден еріксіз алуға мәжбүр болдық», - дейді Сағадиев.

Сондай-ақ, бас бапкер 76 келідегі балуандар қалай таңдалғанын түсіндірді.

«Жәмила Бақбергенованың Бішкектегі іріктеу сынында жолы болмады. Біз былтыр жылды қорытындылап, алдағы маусым жоспарларын анықтаған кезде, іріктеу турнирінде жолдамасыз қалған балуанның орнына Азия чемпионатында көзге түскен спортшы белдеседі деп шешкенбіз. 76 келіде Эльмира Сыздықова құрлық додасында қола медаль алды. Сондықтан, Стамбулдағы турнирге заңды түрде барады. Бірақ бұл Бақбергенованы тізімнен сызып тастады деген сөз емес. Жәмила еліміздегі әйелдер күресіне үлкен олжа салған балуан. Кейбір БАҚ өкілдері арандататын тақырыптар қойып, Бақбергенованың қателігін кешірмеді деп жазуда. Ешкімнің менің атымнан бұлай айтуға құқығы жоқ. Жәмила қатарда», - деді Сағадиев.

Айта кетелік, Стамбулдағы (Түркия) іріктеу турнирі 9-12 мамыр аралығында өтеді. Аталған турнирде төмендегі балуандар сынға түседі:

50 келі: Лаура Ғаниқызы

53 келі: Марина Седнева

57 келі: Лаура Алмағанбетова

62 келі: Ирина Кузнецова

68 келі: Елена Шалыгина

76 келі: Эльмира Сыздықова