Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирінің екінші айналымына өтті

Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирінің екінші айналымына өтті
Теннис

Қазақстан теннис федерациясы

Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды BasSport.kz.

Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 65-орында тұрған, доданы іріктеу сайысынан бастаған чехиялық Томаш Махачпен өткізді.

Чехия өкілі матчты қарқынды бастады — 6:2. Есесіне екінші сетте Бублик есе қайырды — 6:3. Үшінші, шешуші партияда есеп 6:5 болып, матчқа доп бергенде, Бублик сол мүмкіндігін мүлт жіберді. Дегенмен тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 7:6 (7:5).

Александр Бублик жүлде қоры 2,9 млн АҚШ долларына бағаланған турнирдің ширек финалына шығу үшін әлемнің 28-ракеткасы, нидерландтық Таллон Грикспорпен шеберлік байқасады.