Елена Рыбакина Мадридтегі турнирдің үшінші айналымына өтті

Елена Рыбакина Мадридтегі турнирдің үшінші айналымына өтті
Теннис

Елена Рыбакина Мадрид (Испания) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты. Бұл туралы федерацияның ресми сайты мәлімдеді.

Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші алғашқы матчын дүниежүзілік рейтингіде 46-орында тұрған италиялық Лючия Бронцеттимен өткізді.

Бұл қос теннисшінің өзара бірінші кездесуі еді. Бастапқы партияда Елена 2:0 есебімен алға шыққанымен, Лючия таразы басын теңестірді. Дегенмен Рыбакина брейкпен тәмамдады – 6:4.

Екінші сетті Бронцетти брейкпен бастағанымен, Рыбакина ойын тізгінін қайта қолға алды – 4:1. Содан кейін қатарынан үш эйс жасап, бірінші матчболын сәтті пайдаланды – 6:3.

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, украиналық Марта Костюк немесе рейтингіде 72-сатыдағы мысырлық Майар Шерифтің қай жеңгенімен шеберлік таластырады.

Рыбакина өткен аптада Штутгарт WTA 500 турнирінде чемпион атанған болатын.