"Екі жерден еті сөгілген": Абиба Әбужақынова сұхбатына қатысты түсінік берді

Дзюдо

Жақында дзюдодан Қазақстан әйелдер командасының үздігі Абиба Әбужақынова әлі күнге дейін ауыр жарақатпен күресіп жүргенін айтып, сұхбат берген. Кейін желіде қызу талқыланған соң, спортшы жағдайды түсіндіріп, пост жазды, деп хабарлайды BasSport.kz.


Әлеуметтік желілерде мені жарақатымен күресіп жүр деген ақпарат тарады. Сұхбат бергенімде иығым толық емес, әлі де 20 пайыздай ем қажет деп айтқан болатынмын. Кез келген спортшы да ұсақ жарақаттар болады. Ауыр жарақаттың әсері, кесірі, қалыпқа келуге ұзақ уақытты талап етеді. Бірақ біз ұсақ жарақатым бар деп, жарыстардан бас тарта алмаймыз. Ташкентке де мені ешкім сүйреп отырған жоқ. Барлық жарысқа өз еркіммен аса жауапкершілікпен, дайындықпен қатысып отырмын. Алда Олимпиада ойындары. Қазіргі таңда рейтингте 6-шы орында тұрмын. Олимпиадада бұдан да жоғары нәтиже көрсетуім үшін қазірден рейтингтегі орнымды реттеуім керек. Денсаулық - менің ең басты байлығым. Өз денсаулығыма жауапкершіліксіз қарап, жарақатпен жарысқа аттанатындар қатарынан емеспін, - дейді Абиба Әбужақынова.

Ол Дохадан елге келгеннен кейін толық қаралудан өтіп, тиісінше дәрігерлермен бірге ем қабылдадым деп отыр.

Иә, соңғы әлем чемпионатында құрамада дәрігер болған жоқ. Алайда, қазіргі таңда құрамада дәрігер де, массажист те бар.Бұқаралық ақпарат құралдарынан сұхбатымды бұрмаламауды және көпшілікті шатастырмауды сұраймын, - дейді спортшы.