Елордалықтар Олимпиаданың ашылу салтанатын ашық аспан астында тамашалай алады

Елордалықтар Олимпиаданың ашылу салтанатын ашық аспан астында тамашалай алады
Басқа

Prosports.kz

Бүгін Париж-2024 Олимпиадасы салтанатты түрде ашылады. Jibek Joly телеарнасы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Париж Олимпиадасының ашылу салтанатын тікелей эфирде, ашық аспан астында тамашалауды ұсынады, деп хабарлайды BasSport.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

«Біздің телеарна үшін Париж Олимпиадасын тікелей көрсетілімде тарату — тарихи оқиға. Халықаралық Олимпиада комитетіне спорттық ойындарды тарататын телеарна ретінде ресми тіркеу жөнінде өтінім жолдадық. Екі аптаның ішінде тіркеді. Келісімге сәйкес Олимпиада ойындарын тікелей көрсетілім арқылы көпшілікке тарата аламыз. Jibek Joly телеарнасының көрермендері әр жұма, сенбі және жексенбі күні (сағат 22:00–ге дейін) теледидардан бөлек, елордадағы Abu Dhabi Plaza ойын-сауық және сауда орталығы аумағында LED экран арқылы көре алады», — дейді Jibek Joly телеарнасының креативті продюсері Динара Абакаева.

Бүгін сағат 22:30-да Jibek Joly телеарнасы елорда әкімдігінің қолдауымен Париж Олимпиадасының ашылу салтанатын орталық саябақта тікелей эфирде көпшіліктің назарына ұсынады. Салтанатты іс-шара аясында концерт те өтеді.

Jibek Joly телеарнасы эфирінің шамамен 70 пайызы Париж Олимпиадасы ойындарына арналады. Олимпиада кестесіне сәйкес, телеарна көрермендері 27 шілде күні сағат 15:00-де үлкен теннисті тамашалай алады, ал сағат 23:30-да жүзуден жартылай финал және финал өтеді.

28 шілде күні сағат 12:30-да семсерлесу, сағат 17:10-да спорттық гимнастикадан ерлер арасында финал өтеді және сағат 22:00-де семсерлесуден финал көрсетіледі.