Париж-2024 Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

Париж-2024 Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті
Басқа

olympic.kz

Франция астанасы – Парижде ресми түрде XXXIII жазғы Олимпия ойындары басталды. Төрт жылдықтың басты додасының ресми ашылу салтанатындағы «Мемлекеттер шеруі» кезінде Қазақстанның көк байрағын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңілатлет Ольга Сафронова ұстап шықты, деп хабарлайды Bassport.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Биылғы Олимпиаданың ашылу салтанаты тарихта алғаш рет ерекше форматта ұйымдастырылды. Яғни спортшылар шеруі әдеттегідей стадионда емес, әйгілі Сена өзенінде өткізді. Әр делегация шеруге жеке қайықпен шықты. Шеруде спортшылар 6 шақырымдық қашықтықты басып өтіп, ресми рәсім өткен Трокадерода аялдады. Қазақстан құрамасы Жапония, Иордания және Кения мемлекеттерімен бір қайықта жүзіп өтті. 

Іс-шараның көркемдік жетекшісі – театр режиссері Томас Жолли. Ашылу салтанатын тамашалауға келген қонақтар қатарында Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин де болды. Ол еліміздің көк туын көтеріп, спортшыларды қолдауға арнайы келді. Сондай-ақ ресми іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысып, Олимпиадада ел намысын қорғайтын спортшыларға толағай табыс тіледі.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 25 түрінен 80 атлет қорғайды.