"Токио ойындарымен салыстырғанда, мұнда еркіндік бар": Отандық менеджер олимпиадалық ауылдың ерекшеліктерін айтты

Олимпиада 2024

Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК

Қазақстан ҰОК спорт Департаментінің басшысы Бектұр Қиятбай Париждегі олимпиадалық ауыл туралы кеңінен баяндап, кейбір қазақстандық спортшылардың тысқары жерде орналасқанын айтты, деп хабарлайды Bassport.kz тілшісі. 

«Әлемдік спорт жұлдыздары, футбол, баскетбол командалары олимпиадалық ауылға келе бермейді. Оның себебі де жоқ емес. Мәселен, Новак Джоковичті алайық. Әйгілі теннис жұлдызы олимпиадалық ауылға 1-2 рет келгеннің өзінде, оны спортшылар қаумалап, суретке түсіріп, аяғын жерге тигізбеді. Ал бұл спортшының демалуына, дайындалуына, бар назарын тек ойынға аударуына кері әсер етеді. Сондықтан, олардың олимпиадалық ауылда тұрмағанына тек түсіністікпен қарау керек. Бүгінде Джокович бөлек қонақүйде тұрады. Қазақстандық спортшылар арасында да олимпиадалық ауылдан тысқары жерде орналасқандар бар. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Кейбір атлеттеріміз өздерінің жеке жаттығу жоспарына байланысты бөлек тұру туралы шешім қабылдады», - дейді Қазақстан ҰОК спорт Департаментінің басшысы Бектұр Қиятбай.


Бүгінде олимпиадалық ауылдағы жағдай бір арнаға түсіп келеді. Әсіресе, алғашқы күндері кездескен кішігірім мәселелер дереу шешімін табуда.

«Тамақтану тұрғысынан алғашында аздаған проблемалар болды. Тағамды санау, логистика бойынша туындаған сауалдар 10-15 минут көлемінде шешіліп жатыр. Олимпиадалық ауылға өте үлкен көлемде қонақтар келетіндіктен, алғашқы күндері мұндай жайттардың кездесетіні де орынды. Қазір бір бір қалыпқа түсіп келеді. Бүгінде олимпиадалық ауылда он мыңнан аса адам тұрады. Олар кесте бойынша бір уақытта жаттығудан оралып, түскі асқа барады. Кейбір салмақ қуатын спортшылар тамақты аз жесе, марафонға қатысатындар керісінше, көбірек тамақтануға тырысады. Ал біздің спортшылар, әсіресе, боксшы жігіттеріміз үнемі өздерімен бірге қазы-қарта алып жүреді», - дейді отандық атлеттердің Олимпиадаға алаңсыз дайындалуына жағдай жасап жүрген ҰОК өкілі.



Биылғы олимпиадалық ауылдың басқалардан басты ерекшелігі де жоқ емес. Әсіресе, Токио Олимпиадасына да қатысқан спортшылар мұнда шектеулердің жоқтығына ерекше қуанышты.

«Париж ойындарына қатысып жатқан спортшылар арасында Токио Олимпиадасында бақ сынаған атлеттер жетерлік. Олар үшін Олимпиаданың ешқандай шектеусіз өтіп жатқаны үлкен бақыт. Себебі, мұнда керемет атмосфера орнаған. Құдды үлкен мерейтой секілді, спортшылар бір-бірімен шүйіркелесіп, алаңсыз жаттығып, пандемия кезіндегідей емес, еркін тыныстауда. Олимпиадалық ауыл тәулік бойы ашық тұрады.Десе де, спортшылар тәртіптің, режимнің адамы болғандықтан, әрбірі уақытылы ұйықтап, уақытылы жаттығуына қатысады», - дейді Бектұр Қиятбай.


Ақырыс Сейтқазы, арнайы Париж Олимпиадасынан