Ресей АҚШ-қа көшіп кеткен Олимпиада чемпионы мен оның әйеліне іздеу жариялады

Ресей АҚШ-қа көшіп кеткен Олимпиада чемпионы мен оның әйеліне іздеу жариялады
Семсерлесу

rusfencing.ru

Ресей Ішкі істер министрлігі семсерлесуден 2020 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Сергей Бида мен оның әйелі Виолетта Бидаға іздеу салды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасай отырып BasSport.kz хабарлайды.

Ведомствоның ресми сайтындағы «Внимание, розыск!» бөлімінен іздеу салынған адамдарды табуға болады. Сайтта олардың суреті мен жеке деректері тұр. Сергей Бида мен оның әйеліне Ресей қылмыстық кодексінің бабы бойынша іздеу салынған.

Сергей Бида - Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Ол командалық жарыс кезінде топ жарған болатын. Сондай-ақ семсерші әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Еуропа чемпионатының үш дүркін жеңімпазы. Сергей «Динамо» спорт қоғамына мүше және Росгвардияның прапорщигі атағына ие.

Виолетта Бида да (бұрынғы аты - Храпина) семсерлесуден әлем және Еуропа чемпионаттарында күміс жүлдегер атанған. Ол Ресей Қорғаныс министрлігіне қарасты ЦСКА спорт клубына мүше және әлі де әскер қатарындағы қызметші. 2023 жылы ерлі-зайыпты АҚШ-қа көшіп кетті. Жергілікті семсерлесу федерациясы ресейліктер мен белорустарға белгілі бір талаптарды сақтай отырып жарыстарға қатысуға рұқсат берді. Талаптардың бірі - Украинадағы соғысты қолдамайтыны туралы мәлімдеме жасау.

Спортшылар елден көшіп кеткеннен кейін және Бида АҚШ чемпионатына қатысқан соң Ресейдің семсерлесуден аға жаттықтырушысы Александр Глазунов жұмыстан шығарылды. Бұған «оның спортшыларының федерация келісімінсіз АҚШ-қа кетуі» себеп болғаны айтылды.

Сондай-ақ бұған дейін АҚШ тарапынан турнирлерге қатысуға рұқсатты ресейлік семсерлесушілер Олег Кныш пен Константин Лохан да алған еді. Лохан - жасөспірімдер арасындағы төрт дүркін әлем чемпионы және Ресей Олимпиада комитетінің басшысы Станислав Поздняковтың қызы Софияның бұрынғы күйеуі.

Семсерлесуден екі дүркін Олимпиада чемпионы Лохановпен оның эмиграция туралы шешімінен кейін ажырасқан.