«Демалыс керек»: Луис Суарес болашағына қатысты пікір білдірді
Уругвайлық шабуылшы Луис Суарес осыдан бірер күн бұрын Бразилияның «Гремио» сапынан кетті, деп хабарлайды BasSport.kz.
Шабуылшы осыдан соң өзінің болашақтағы карьерасына қатысты ойын айтты.
Ауырсынуды сезініп жүрмін, ағзаңды алдай алмайсың ғой. Демалыс керек, отбасыммен бірге уақыт өткіземін деп шештік. Болашақта не болатынын тағдыр көрсетеді, - деді ол.
36 жастағы Суарес «Гремио» сапына 2023 жылдың басында ауысқан. Бразилия чемпионатында ол 31 матч өткізіп, 14 гол соқты және 11 нәтижелі пас берді.
Ол өз карьерасында «Насьональ» (Монтевидео), «Атлетико» (Мадрид), «Барселона», «Ливерпуль», «Аякс», «Гронинген» клубтарында ойнаған.
2007 жылдан бері Уругвай құрамасында өнер көрсетеді.