Күреске келгеніме өкінемін – Елмұрат Тасмұратовтың эксклюзивті сұхбаты
Елмұрат Тасмұратов Рио-де-Жанейро олимпиадасында Өзбекстанға жүлде сыйлағанда, қазақ баласының медаль алғанына қуанғанымызбен, кезінде қаракөзімізді керексінбегенімізге өкініп едік. Тасмұратов карьерасын аяқтап, қазір АҚШ-та жүр. Спортшының мұхит асуына не себеп? Олимпиада жүлдегерінің Өзбекстанға да керек болмай қалғаны ма? Балуан күреске келгеніне неліктен өкінеді? Бұл туралы Елмұраттың өзінен сұрадық.
Америкалықтар күреске хобби ретінде қарайды
– Елмұрат, қазір АҚШ-та жүр екенсіз. Мұхит асуыңыздың басты себебі неде?
– АҚШ-қа былтыр 2 маусымда келдім. Негізі бапкерлікке шақырған. Дегенмен мен келгенде бұл жақта оқушылар мен студенттер арасында күрес түрлерінен өтетін Folkstyle жарысы аяқталған екен. Ол қыркүйекте жалғасатынын айтқан соң, уақытша басқа шаруалармен айналысуыма тура келді.
– АҚШ-қа аттану туралы ой қайдан келді?
– Отбасылық мәселелерге байланысты мұхит асамын деп шештім. Себебі Ташкентте қиналып кеткенімді түсіндім. Аллаға шүкір, екі балам бар, бірақ әйелім екеуіміз екі бөлек кеттік. Үйдегілер қайта үйлен дейді, ал мен балаларымның жүрегін ауыртқым келмейді. Негізі карьерамды аяқтағалы Катар, Қытай секілді елдерден де жұмыс істеу туралы шақырту түскен. Дегенмен өзім Америкаға барғаным жөн болар деп шештім. Елшілікке барғанда визаның да реті келе қалды. Сәтін салды деген осы шығар.
– Карьераңызды аяқтағалы Өзбекстанда немен айналысып жүр едіңіз?
– Бір жылдай грек-рим күресінен ұлттық құрамада аға бапкер болып еңбек еттім. Қазір де шақырып жатыр. Құдайға шүкір, ол жақтағы жағдайым жаман емес еді. Үйім де, жұмысым да болды. Біреулер ойлағандай, АҚШ-қа ақша үшін келген жоқпын.
– АҚШ сізді қалай қарсы алды?
– Бұл жаққа келгеніме еш өкінбеймін. Өмірге дайындайды екен. Өзбекстанда ерке болып жүрген екенбіз. Қара жұмысты да істеп көрдік. Себебі өз еліңде қандай чемпион болсаң да, бұл жақта сен ешкім емессің. Сондықтан бәрін басынан бастау керек. Жұрттан сұрасаң, Америкада бәрі жақсы деген жауап аласың. Ал өзім бұл сұрақты осында келгенге дейін зерттеп те көрмеппін. Сөйтсем тек визаң болса ғана оңай болады екен. Тиісті құжаттарың болмаса, өте қиын. Грин карта алып, қазір елге бейімделе бастадық.
– Бапкерлікке бет бұру туралы жоспарыңыз орындалды ма?
– АҚШ-та бірнеше клубтың жаттығуымен таныстым. Бұлардың әлем біріншіліктерінде қалай медаль алып жүргеніне таңым бар. Не жоспар жоқ, не тұрақты жаттығу жоқ, не баланы мәжбүрлей алмайсың. Күреске америкалықтар хобби ретінде ғана қарайды. Қаржы да бөлінбейді. Барлығының негізгі жұмысы бар. Біз күреспен өмір сүрдік, күнделікті жұмысымыз еді, соның арқасында ақша да таптық. Бізде ана жарысқа қатыссаң, осынша, мына жарысқа қатыссаң осынша ақша аласың деп, кейде қаржының соңына түсіп те кететін кездер болды. Спорттан кеткен соң не басқа білімің, не өнерің жоқ, қайда барарыңды білмей қаласың. Ары кетсе бапкер боласың, өйткені басқасы қолыңнан келмейді. Түсінгенім, күрес хобби ретінде болуы керек екен. Сондықтан Американың бұл жүйесі маған ұнады.
– Хобби ретінде ғана қарап айтулы жетістікке жетуге бола ма?
– Әрине болады. Біздікілер ең алдымен психологиялық тұрғыда сынып кетеді. Спорт деген бірінші кезекте өзіңмен күрес, сол күресте жеңіліп қалсаң, онда қарсыласыңа шамаң жетпейді. Бізде балуандардың көбісі өз-өзін іштей жеп, уайымдап, бозкілемге шыққанда бар білгенінен жаңылып қалып жатады.
Америкалықтар психологиялық тұрғыда дайын. Ал жарыс кезінде тыпыршып жүріп бір әдістер жасайды да, сөйтіп жеңіп кетуі мүмкін. Әйтпесе техника деген нөл. Folkstyle басталғанда маған бір студентті дайындауды тапсырды. Ол жігіт, күрестің тілімен айтқанда, «ағаш». Ешқашан жеңіп не медаль алып көрмеген. Жеті айдай дайындап, бір турнирден екінші орын алды. Тек күресін жолға қоя бастағанда жарақат алып қалды. Сондықтан Юта штатынан Филадельфияға ауыстым.
Бапкерлік карьерамды аяқтайтын шығармын
– Бапкерлікті енді Филадельфияда жалғастырасыз ба? Жалпы, Қырғызстаннан да АҚШ-қа көп спортшылар бапкер ретінде кеткенін естігенбіз. Себебі айлығы жақсы екен.
– Бапкерлікті қойсам деймін. Басқа саланы көрсем деген жоспарым бар. Жалпы, бұл жақта бапкерлерге төленетін айлық көп емес. Мені жастар құрамасына да шақырды. Маған жылына 45 мың доллар ұсынды. Бірақ олардың күреске деген қарым-қатынасын көргендіктен, немқұрайлы қарайтын спортшылармен жұмыс істеп жетістікке жету өте қиын екенін түсіндім, көп уақыт керек. Дегенмен, бір байқағаным, америкалықтар айтқаныңды қағып алады. Бізде екі жылда меңгеретін әдіс-тәсілді бұлар бір жылда үйреніп алады.
– Өзіңіз айтпақшы, карьераны аяқтаған соң спортшылар немен айналысатынын білмей, өздерін керексіз сезініп жатады. Өзіңізге деген көзқарастың өзгергенін сіз де байқадыңыз ба?
– Спортта бұл қалыпты жағдай. Өмірде мұндайдың болатынын білсең де, іштей дайын болмай қаласың. Саған деген көзқарас күрт өзгереді. Құрамада еркелеп жүрсем, кейін оның бәрі қалды. Бапкер болудың да қиындығы көп. Бұрын тек өзің үшін уайымдап, өзіңе ғана жауап берсең, жаттықтырушы ретінде он балаңа жауаптысың. Тіпті Азия чемпионатында қатты уайымнан есімнен танып қалдым. Сол кезде-ақ бұл іс маған арналмаған-ау деген ой келді. Себебі денсаулықтан маңызды ештеңе жоқ. Әйтпесе бапкер болуды бұрыннан армандайтынмын. Шетелге шыққан жарыс, оқу-жаттығу жиындары кезінде күнделігіме қолданған әдістер, жаттығудағы ерекшеліктерді түртіп жүретінмін. Соның бәрін өзім бапкерлікке бет бұрғанда қолдандым. Бізде көп мамандар тек бір тәсілдерді ғана қолданады, ал олар жалықтырып жібереді. Тиісінше нәтиже де көңіл көншітпеуі мүмкін.
– Спорттан ерте кеттім деп ойламайсыз ба?
– Шыны керек, күресте аз-маз жетістікке жеттім, балуандар арасында танылдық. Алайда күреске келгеніме өкінемін. Сынбаған жерім қалмады, жүрек те, бауыр да үлкейіп кеткен. Талай жыл бойы салмақ қудым, көп шектеу қойдық. Үлкен спорт денсаулықты құртады екен.
Әлемде күрес өле бастады
– Жақында Астанада күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтті. Қазақстанның «классиктері» бір алтын медальмен шектелді. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Меніңше, бұл жерде тағы сол психологиялық дайындық мәселесі туындады. Кей спортшыларға үйден гөрі түздегі жарыс ыңғайлы, кейбіріне керісінше. Бұлай дейтінім, жанкүйерлеріңнің, ата-ана, туған-туыстың алдында күресу оңай емес. Бұл жауапкершілік жүгін арттырады. Мұндайда біреулер өзін уайыммен-ақ қажытып жіберуі мүмкін. Негізі жарысты мүлде ойламау керек, мен сөйтетінмін. Бәрін бақылайтын ми ғой, сол ми шаршаса, ағзаң да көпке бармайды.
– 35 жастан асқан Алмат Кебіспаев құрамада өз салмағының көшбасшысы. Бұл бәсекелестіктің төмен екенін аңғарта ма?
– Меніңше, әлемде күрес өле бастаған секілді. Өйткені ауыр спорт. Алматпен екеуіміз бір күнде туғанбыз. Хабарласып тұрамыз, Қазақстан чемпионаты алдында да, Азия чемпионатынан соң да сөйлестік. Өзбекстандық Рустам Ассакаловқа қарап жігерленетінін айтты. «Күресті жақсы көремін, қоя алмайды екенмін» деді. «Қалай жалықпайсың?» деп күлемін. Әр спортшының арманы болады. Олимпиадаға қатысу бөлек те, жүлдегер атану бөлек. Бәлкім Алмат сол арманын орындағысы келетін шығар.
– Әлеуеті жетеді деп ойлайсыз ба?
– Олимпиада – психологиялық тұрғыда мықтылықты талап ететін жарыс. Оның аурасы бөлек. Спортшының физикалық дайындығы да аса маңызды болмайды.
– Елімізде грек-рим күресіндегі нәтиже төмендеп барады. Егер кеңесші ретінде келу туралы ұсыныс түссе, келісуші ме едіңіз? – Жоқ, бармаймын.
АҚШ-та жүргенде әкемнен айырылдым
– Күресте әлеуетімді толық көрсете алдым деп ойлайсыз ба? Өкінген сәттер жоқ па?
– Үш Олимпиада ойындарына қатыссам, соның үшеуіне де тыңғылықты жаттығу жасамай бардым. Лондонда құрамадан екі балуан жолдама алсақ, спарринг-қарсылас таппай қиналдық. Рионың жолдамасын Қытайда сәуірде еншіледім. Ал мамыр айында Украинаға барып, негізінен кросс жүгірумен шектелдім. Сонан соң Польшадағы жарысқа қатысып, кейін жаттығуға қалуымыз керек еді. Сөйтсек Польшада оқу-жаттығу жиындары жарыстың алдында өтіп кетіпті. Соған қарамастан жиырма күндей Польшада болып, әрі қарай Германияға аттандық. Германияда да дәл сол жағдай. Сондықтан Өзбекстанға оралып, сонда жаттығу жасадым.
1 тамызда Риоға аттанып, 14 тамызда бозкілемге шықтым. Сонда партерді де сезбей қойдым. Абырой болғанда, медаль алу бақыты бұйырды
Ал 2020 жылы нағыз бабымда болдым, Азияда да ешкімге ұпай бермей жүрдім. Өкінішке қарай, карантинге байланысты залдың бәрі жабылып, тек кросс жүгірдім. Олимпиада да кейінге шегерілді. Үйдің шаруаларына басымдық бере бастадым. 2021 жылдың қаңтарында джиу-джитсудан жаттығу барып, аяғымды шығарып алдым. Сол бекер болған екен. Қалыпқа келіп үлгермеймін деп, аяғымды емдеуге мән бермедім. Салмақты тек диетамен қудым. Диетологым жақсы көмектесті.
Олимпиада алдында украиналық маман шақыртылып, ол маған бір сұйықтық ішуге кеңес берді. Бастапқыда қарсы болғаныммен, кейіннен шынымен де көмектесер деген оймен әлгі сұйықтықты ішкенім сол екен, тоқтамай құса бастадым. Әлсіреп қалғаным сонша, бозкілемге қалай шығып, қалай күрескенім есімде жоқ.
– Бір сұхбатыңызда Қазақстан құрамасында өнер көрсету арманыңыз болғанын айтып едіңіз. Қалай ойлайсыз, құрамаға неге шақырту түспеді?
– Бір жағынан, «любимчик» болмадық, сымбатты болмаған шығармыз (күліп). Спортта түрге де, жүріске де қарайды. Сөйте тұра өз басым мектеп-интернатта оқығаныма қуанымын. Шымкентте жүріп көп нәрсені үйрендім, бізді өмірге тәрбиеледі. Әкем «сенен бөлек тағы бес балам бар, оларды да асырауым керек» деп, ақшаны тек жолыма жететіндей ғана етіп беретін. Демалыс күндері көлік жуып, өзімізше табыс табатынбыз.
– Қырғызстан балуандарының феномені туралы айта кетсеңіз...
– «Жарайсыңдар» дегім келеді. Бір-біріне деген қолдауын көріп риза болдым. Оқу-жаттығу жиындарын бірге өткізгенде соған көз жеткіздік. Карьерасын аяқтаған спортшыға жабылып жүріп жұмыс тауып береді. Әйтпесе айлық өте аз. Ұрпақ сабақтастығы жолға қойылған. Соның жемісін көріп жатыр. Өзбекстанда жүргенде өзім де айналама балаларды жинап, тамақ істеп шақырғанды ұнататынмын. Құрамадағы дұрыс қарым-қатынас нәтижеге тікелей әсер етеді.
– Әлем чемпионы атанған қырғызстандық Ақжол Махмудов сізді кумирі санайды екен. Ақжолмен хат-хабар алмасып тұрасыздар ма?
– Сөйлескенбіз. Өте мықты жігіт, еңбекқор. Діттеген мақсатына жетуіне тілектеспін.
– Америкада біраз боласыз ба әлде жуық арада елге оралуыңыз мүмкін бе?
– АҚШ-та жүргенде әкемнен көз жазып қалдық. Сап-сау жүрген, сөйлескенімізден соң араға жарты сағат салып бақилыққа аттанып кетіпті. Өкінішке қарай, қоштасып үлгермедім. Әрі-бері қатынау өте қиын. Құжаттар жағынан мәселелер болды, қазір соның бәрін реттедік. Енді үйге құр бармас үшін желтоқсанға дейін жұмыс істесем деген жоспарым бар.
Америкаға барғандардың тәрбиесі бұзылады деген сыңаржақ пікір бар. Ютада жүріп бұл ойдың қате екеніне көзім жетті. Мұнда отбасы құндылықтары, бір-біріне деген құрмет, адам құқығы басты орында тұрады. Соған қарап кәдімгідей сүйсінесің. Сондықтан болашақта Америкада тұрсам деймін.
Сұхбаттасқан Мадина АСЫЛБЕК