"Қайпанов босап кеткен, Есенғали - мығым": Мадияр Құрамысов қазақ балуандарының Азиядағы тарихи жеңісіне баға берді

Күрес

Астанадағы Азия чемпионаты отандық еркін күрес шеберлері үшін табысты аяқталды. Осыдан бір жыл бұрын ұлттық құрама тізгінін ұстаған Мадияр Құрамысов сары құрлықта төрт балуаннан чемпион шығарып, бөркімізді аспанға аттық. Командалық есепте біздің команда алғаш рет бірінші орын алғана да қуанышты еселей түсті. Бас бапкердің айтуынша, мұнда нәтижеге жетуге балуан мен жаттықтырушы арасындағы ауызбіршілік басты себеп болған, деп жазады Bassport.kz тілшісі.

- Мадияр мырза, Азия чемпионатында мұндай жетістікке жетуге не себеп болды?

- Біріншіден, бұл жеңіспен тоқтап қалмай, әрі қарай еңбектену керек. Одан кейін, Азия чемпионатын абыроймен аяқтауымызға ауызбіршілік себеп болды деп ойлаймын. Бапкер мен балуан арасында бірлік болса, нәтиже де көп күттірмейді. Өзгерістерге келер болсақ, оқу-жаттығу жиындарының санын арттырдық, жеке бапкерлерді де жиынға қоса бастадық. Бұрын жеке бапкерлер оқу-жаттығу жиынына қатыспайтын. Осының бәрі балуандардың жақсы өнер көрсетуіне септігін тигізді.


- Тарихта алғаш рет төрт алтынмен Азияның үздігі атандыңыздар. Чемпионатқа дейін балуандардан қанша медаль күттіңіз?

- Былтыр жалпы есебі сегіз жүлде алған соң, биыл бес-алтауы бұйырар деп ойладым. Бір алтын міндетті түрде иеленеміз деген сенім болды. 

- Азия чемпионатындағы жаңа есімдердің бірі – Дархан Есенғали. Ол ел спартакиадасында Қайпановтың өзін ұтқан екен. Бұл балуанға қатысты қандай пікірдесіз?

- Дархан бұрыннан күресіп жүрген бала. Оны жастар құрамында жүргеннен жақсы білеміз. Бірақ ересектер қатарына ауысқалы бері ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетпеген. Енді көзге түсіп жатыр. Оның артықшылығы – психилогиясы өте мығым бала. Бұл өте қажет нәрсе. Содан соң, физикалық тұрғыдан да жақсы. Ал Нұрғожа Қайпанов босап кеткен. Әлеуеті нашарлағанын жалпы физикалық дайындық кезінде де байқадық.

- 74 келіде Олимпиадаға қатысқан Данияр Қайсанов қазір қайда жүр?

- Данияр да ұлттық құрама сапында. Жаттығу жиындарына міндетті түрде қосамыз. Ол өте тәжірибелі балуан. Нұрғожа да, ардагер балуан Нұрлан Бекжанов та қатарда. Жақыпов деген жас бала бар. Бұл салмақты көреміз әлі...

- Олимпиадалық салмақтағы балуандарға қатысты не айтасыз?

- 57 келіде Рахат Қалжаннан бөлек, Мейрамбек Қартбай деген спортшымыз бар. Ең мықтысы – осы екеуі. Қалғандары жас. 65 келідегі Адлан Асқаров бұғанасын жарақаттап алғасын, жарысқа қатысқан жоқ. Дайындалмады да... Көпшілік жанкүйер 74 келіні ең беделді салмақ дейді. Ал мен осы 65 келіні айтар едім ең мықты салмақ деп... 74 келіде санаулы балуандар бар, ал 65 келіде бәрі мықты. Әлемді былай қойғанда, Азияның өзінде үздік балуандар көп. Осы салмақтағы ел чемпионы болған Әділ Оспанов жарақатынан енді айықты.

- Азамат Дәулетбеков Азия чемпионатын қатарынан екінші рет ұтты. Яздани мен Тэйлоры бар салмақтағы Азаматтың әлеуеті қандай болмақ?

- Меніңше, Дәулетбеков әлем чемпионатында да, Олимпиада ойындарында үздік үштікте жүретін жігіт. Егер өзімен жұмыс істесе, финалға да шығуы мүмкін. Бәрін де ұтуға болады.

- Азия чемпионы атанған Санжар Досжанов пен Болат Сақаевтың олимпиадалық салмаққа ауысатын ойлары бар ма?

- Санжар 65 келіге де, 74 келіге де жарамайды. Ал Болат Сақаев сол 79 келінің баласы.

- Осы Азия чемпионатында кімнің күресі көңіліңізден шықпады?

- 97 келідегі Бекзат Үркімбай мүлде көңілден шыққан жоқ. Содан соң 61 келідегі Нұрболат Әбдуалиевтің күресі жабырқатты.

- Айтпақшы, 97 келіден ауыр салмаққа ауысқан Әлішер Ерғалидің қазіргі бабы қандай?

- Әлішер де ұлттық құрамада. Ешқайда кеткен жоқ. Егер ауыр салмақта айтарлықтай нәтиже көрсетпесе, оны 97 келіге қайтаратын шығармыз. Олимпиадалық салмаққа басымдық беру керек. Ал 125 келідегі Юсуп Батырмұрзаевпен жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Ол әлі өз әлеуетін көрсетеді.

- Команданың алдағы жоспарларын бөліссеңіз...

- Әлем чемпионаты мен Азия ойындары күзде өтеді. Оған дейін әлі халықаралық жарыстарға қатысамыз, балуандарды бақылайтын боламыз.


Сұхбаттасқан - Ақырыс Сейтқазы