Владимир Смирнов: Халықаралық федерация әлем чемпионатына қатысты өз бағасын берді
Атақты шаңғышы, 1994 жылғы Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов Щусинскіде өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына арнайы келді. Швейцарияда тұратын отандасымыз Bassport.kz тілшісіне сұхбат беруге уақыт тапты.
Бірінші кезекте Қазақстан биатлон федерациясын құттықтағым келеді. Олар зор жауапкершілік алып, жасөспірімдер арасында әлем чемпионатын өткізіп жатыр. Бұл оңай емес. Көп жұмыс атқарылғаны көрініп тұр. Сосын Республиканың спорт басшылыгы, облыс әкімдігін де құттықтауға рұқсат етіңіздер. Спорт базасын тұрғызып, әлем чемпионатын ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Осы стадионның арқасында елдің атын шығаратын талантты спортшылар көбейеді деп үміттенемін, - деді Владимир Смирнов.
Ол осы ретте шетелдік әріптестерінің Щучинскіде өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысты пікірімен бөлісті.
Халықаралық биатлоншылар одағының президенті Олле Далинмен және төрешілермен сөйлестім. Әрине, әлі де техникалық тұрғыда жетілдіретін тұстарымыз бар. Бірақ жалпы алғанда ұйымдастыру жұмысына халықаралық федерацияның көңілі толып отыр. Жылдан-жылға кемшіліктерімізді түзеп, жұмыс істей беруіміз керек,- деді Олимпиада чемпионы.
Ол осы ретте елдегі жас спортшылар туралы да айтты. Бүгін әлем чемпионатында Данил Червенконың үздік ондыққа кіруге мүмкіндігі болған. Бірақ отандасымыз соңғы мүмкіндігінде нысананы дәл көздей алмады.
Жастардың өнерін үнемі бағалап отырамын. Данилдың бүгінгі көрсеткен нәтижесі де жаман емес. Бұл әлем чемпионаты. Соны түсінуіміз керек. 39 елден үздіктер келген. Бәрі жүлдегер болуға тырысады. Бүгін Червенко 11-орынға тұрақтады. Болашағы алда деп ойлаймын. Бұл көрсеткішін әлі де жақсарта алады, - деді Владимир Смирнов.