«Атырау» футбол клубы жаңа инвесторға ие болды

«Атырау» футбол клубы жаңа инвесторға ие болды
Футбол

Ulyssport.kz

«Атырау» футбол клубы ресми түрде коммерцияландыру үдерісін аяқтады.

2026 жылдың 17 сәуірінде клубты коммерцияландыру рәсімі толық аяқталып, тиісті меморандумға қол қойылды. Жоба аясында клубқа шамамен 1 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылады.

Ашық конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаз болып өңірге танымал кәсіпкер Болат Қонарбай танылды. Ол мұнай өндіру, теміржол тасымалы және логистика салаларындағы компаниялардың иесі. Бұл құжат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр.

Қазіргі уақытта «Атырау» Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымында сегізінші орында келеді. Команда бес матчта 7 ұпай жинап, төрт рет тең ойнап, бір мәрте жеңіске жетті, әзірге бірде-бір жеңіліс көрмеген.

«Атырау» клубы келесі кездесуін Петропавлдың «Қызылжар» командасына қарсы өткізеді.