Ольга Сафронова: Биыл бар күшті Азия ойындарына саламын

Ольга Сафронова: Биыл бар күшті Азия ойындарына саламын
Басқа

Жеңіл атлетикадан еліміздегі белгілі спринтерлердің бірі Ольга Сафронова 10 жылдан астам ұлттық құрамада өнер көрсетіп келеді. 2014 жылы Жазғы Азия ойындарында топ жарды. Олимпиада, әлем чемпионаттарына қатысты. Күні кеше спортшы елордада өткен Astana Meeting World indoor tour халықаралық жарысына қатысып, 60 метрге жүгіруден екінші орын алды. Жерлесіміздің алдын португалиялық спортшы орап кетті. Сол кезде Ольгамен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ольга күміс жүлде құтты болсын! Пиреней түбегінен келген спортшы мықты ма екен?

  – Ариалису Гандулле есімді 27 жастағы спортшы. Шыққан тегі кубалық. Қазір Португалияның намысын қорғап жүр. Көрсеткіші тәп-тәуір. Ол 60 метрді 7,18 секундта мен 7,30 секундта жүгірдім. Әзірге екі жыл бұрын Өскемендегі көрсеткен нәтижеме жете алмай жатырмын.

Биылғы маусым ерте басталды....

– Иә, дәл солай. Жақында Астанада Қазақстан кубогы өтті. Сол жерде электронды құрылғы фальстарт тіркеп, маған дискваликация берді. Сосын ол кезде жүгіре алмай қалдым. Astana Meeting – биылғы жылғы алғашқы жарысым болды. Халықаралық дода өте қызықты өтті. Шет мемлекеттерден бірнеше атлет келді.

– Сіз негізінен 200 метрге бейімделгенсіз. 60 метрге жүгіру қиынға соқпай ма?

– 60 метр қысқа дистанция. Дегенмен бұл да қызықты. Бірден бар күшінді салуың керек. Маған манежде 200 метрге жүгірген ұнайды. Бірақ әлемдік қауымдастық қысқы бағдарламадан алып тастапты.

– Бұрынғы бапкеріңізбен дайындалып жүрсіз бе?

–Александр Денисконың қарамағандамын. Ештеңе өзгерген жоқ.

– Соңғы жылдары елде спринтерлер азайып кетті. Оның үстіне, Любовь Никитенконың шәкірттерінің бәрі допингпен ұсталды....

–Иә, бір кездері солай болғаны жасырын емес. Қазір жасөспірімдер жақсы дамып келеді. Жас қыздар арасында таланттылары өте көп. Олар жақын арада өсіп, бәсекелестік танытады деп ойлаймын.

– Осыдан 9 жыл бұрын жазғы Азия ойындарында топ жардыңыз. Бұл сіздің спорттық карьераңызды ең басты медаль деуге болатын шығар?

– Иә, Инчхондағы Азия ойындары ерекше есте қалды. Биыл Қытайда өтеді. Тек тағыы кейінге шегеріп тастайма деп қорқамынн, Өйткені уақыт та, жасымыз да бір орында тұрмайды ғой. Тағы да кейінге қалса қиын болады. Биыл ұйымдастырылса, барымызды саламыз. Медаль әкелуге тырысамын.

– Биыл әлем чемпионаты да бар. Норматив орындап, қатысу жоспарда бар ма?

– Бапкеріміз екеуіміз ақылдасып, бар күшті Азия ойындарына салуды жоспарлап отырмыз. Тіпті, норматив орындап жолдама алсам да, әлем чемпионатына қатыспаймын.

Ольга анаңыз, Ирина Сафронова да жеңіл атлетикамен айналысқанын естіген едік. Спорттың осы түрің таңдауыңызға анаңыздың ықпалы болды ма?

– Анамның жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айналысқаны рас. Бірақ мені секцияға жазып, осы спортқа қатыс деп күштеген емес. Спортшы болуды өзім қаладым. Сегіз жасымда құрбымның шақыруымен жеңіл атлетика секциясына жазылдым. Анам қолдау білдірді. Содан бері барлық өмірімді осы спорт түріне арнап келемін. Ең алғашқы жарысымда жеңіске жетіп, мақтау қағазын алғаным қосымша шабыт берді. Бұдан соң, жеңіл атлетикаға деген махаббатым одан сайын күшейте түсті.

Анам кезінде 100 метрге кедергілер арқылы жүгірген. Алғаш жүгіріп жүрген кездері менің көрсеткішімді әлі қайталаған жоқсың деп айтатын. Кейіннен жылдамдығымды арттырып, анамның рекордың жаңартқанда ол мені мойындады (күлді).

– Анаңыздың кедергілер арқылы жарысқанын айтып қалдыңыз. Ал өзіңіз спринтерлік жолды таңдадыңыз. Осының себебін айтып өтсеңіз?

– Мен көп уақыт жүгіргенді ұнатпаймын. Бала кезімнен ұзақ қашықтыққа аса құмар емес болатынмын. Анам секілді кедергілер арқылы жүгірмеген себебім, бұрын бір-екі рет құлап қалғанмын. Сондықтан қорқып қалыппын. Ал спринтерлік жүгіруде өзімді сынап көріп едім, көрсеткішім жаман болмады. Сосын осы жолды таңдадым. Негізі бала кезімде жеңіл атлетиканың барлық түрінде өзімді сынап көргенмін. Бірақ соңында осы қысқа қашықтыққа жүгірулерді таңдадым.

– Айтпақшы, сіздің ата-аналарыңыз Германияға көшіпті. Қонаққа жиі барып тұрасыз ба?

– Қоныс аударғандарына бірнеше жыл болды. Өздеріне ұнайды. Анам да, әкем де демалыс уақытында келіп тұрады. Өзім де арасында барып жүрмін. Біз жаттығу мен жарыстан босай бермейміз ғой. Жылына бір рет барып тұруға болады деп ойлаймын.

– Спортшы үшін төрт жылдықтың басты додасы – Олимпиада ойындарына қатысу екені белгілі. Сіздің бұл ойыңыз ең алғаш Лондон Олимпиадасында орындалды. Алған әсеріңіз ерекше шығар...

– Жүгіру жолағына шыққан кездегі алған әсерім әлі есімде. Мен америкалық Кармелито Джеттермен жарыстым. Ол мен үшін кумир, жүгіргені ұнайтын. Спортшы ретінде қатты бағалаймын. Старт басталғанша бірге жаттығу жасадық. Оның менің тобымда екенін тізімнен көрдім. Қаты әсерлендім. Жарыс таңертең ерте басталған еді. Соған қармастан стадион толық болды. Көрермендердің қолдауын сезіндім. Старттан алғашқы 30 метрге ұзап шыққанша қасымда ешкім болмады. Көшбасында келе жатыр екенмін. Негізі мұндай ірі жарыстарда барлығы алдымды орап кететін. Бұл жолы мәреге екінші келіп, жартылай финалға өттім.Мәреге жеткенде өз-өзімді сабырға шақырып, эмоциямды басуға тырысты. Оның үстіне ертеңінде жартылай финал.

Ал жартылай финалда барлық аяғымның буындары ауырып, жүгіру қиынға соқты. Ширек финалда барлық күшімді жұмсап қойғанымды түсіндім. Аздаған тың күш жетпеді.

– Үй шаруасына икеміңіз қандай?

– Мен тамақ істегенді қатты жақсы көремін. Тіпті, хоббиім деп айтсам да болады. Әрдайым жаңадан бірдеңге пісіргенді қалап тұрамын.Кейде жарыстан келгенде асханға кіруге аса құлшыныс болмайды. Ал іске бел шешіп кірісіп кеткенде дәмді тағамдар пісіремін. Менің ең жақсы көретін ас мәзірім – паста. Сондай-ақ тауық етінен бәліш пісіргенді ұнатамын.


– Спорттан өзге қандай қабілетіңіз бар?

– Мектепте оқып жүргенде химия пәнін жақсы көретінмін. Сондай-ақ әдебиетте ұнайтын еді. Мәнерлеп оқудан байқау өткен кездері үнемі өлең оқитынмын. Бұл қасиет атамнан дарыған.Атамның ақындық қасиеті бар.

Бала күнімнен Олжас Сүлейменов, Сергей Есенин, Анна Ахматованың поэзиясына ғашық болдым. Әлі күнге біраз өлеңді жатқа айта аламын. Өзім өлең жаза қоймаймын. Мектепте аздап байқап көрдім. Бірақ менің қолым емес екенін түсіндім. 

– Алғашқы тапқан табысыңызды қайда жұмсағансыз?

– Кәсіби фотоаппарат сатып алғанмын.

– Суретке түсіруге қызығасыз ба?

– Сол кезде маған фотоға түсірген ұнайтын. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң, бұл қызығушылығым бәсеңдеді. Дегенмен өзімде қабілет бар екенін сеземін. Кәсіби фотограф болу үшін оқу қажет. Оған біраз уақыт кетеді. Әзірге менде ондай уақыт жоқ. 

– Ольга, өзіңіздің өміріңізді тек спортпен ғана байланыстырасыз ба? Әлде басқа да қызығушылықтар бар ма? Егер спорт болмаса қай салада қызмет етер едіңіз?

– Дәл қазіргі кезде өзімді тек спортпен байланыстырамын. Бірақ алдағы уақытта не боларын кім болжап білген? Бапкерлікпен айналысуыма мүмкіндігім бар. Өйткені өзім осы сала бойынша жоғары оқу орнын бітірдім. Фитнес-жаттықтырушылықпен айналысып жүрген таныстарым көп. Спортпен іштей таныс болғандықтан, адамдарға өз денесің дұрыс шынықтыруға көмектесуге болады. Спорт – қиындығы мен қызығы көп сала. Бәлкім, болашақта спорттан да кетіп, өмірімді басқа арнаға бұруым мүмкін. Маған сұлулық саласы қатты ұнайды: маникюр, педикюр секілді мамандықтарға қызығамын. Мұның бәрі қызығушылық, бірақ... Кім білген?