Рафаэль Уразбахтин: Бізді ешкім «жеңіл олжа» деп ойламасын

Футбол
Kaz.Football.kz
Футболдан «Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Лиссабонда өтетін Чемпиондар лигасы ойыны қарсаңында командасының мақсаттарын атап өтті, деп жазады Bassport.kz Championat.com-ға сілтеме жасап.
— Көптеген болжамдар мен басылымдарда бізді Лигадағы «ұпай доноры» деп жазуда. Әрине, бұл бізді де ойландырады. Бірақ біз де оңай шағылар жаңғақ емеспіз. Өзімізді дәлелдеуге және керісінше екенін көрсетуге тырысамыз. Қолымыздан келгенше лайықты ойын көрсетуге дайынбыз. Біздің Чемпиондар лигасына шыққанымыздың өзі – үлкен оқиға. Алдағы матчтар айтарлықтай эмоциялық қысым тудырып жатқан жоқ, өзімізді әлдеқайда сабырлы сезінеміз. Бар күшімізді алаңға шығарып, ең үздік қырларымызды көрсетеміз, — деді Уразбахтин.
Сонымен қатар ол «Қарабақ» пен «Бенфиканың» кеше өткен ойынын мысалға келтірді.
— Көріп отырғанымыздай, футболда бәрі мүмкін. Есімдер емес, тірі адамдар ойнайды. Сондықтан әрекет бізден, ал нәтижені уақыт көрсетеді. «Спортингке» қарсы бар күшімізді саламыз, — деп түйіндеді қазақстандық клубтың жаттықтырушысы.
Айта кетелік, «Қайрат» Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Спортингтен» бөлек «Реал», «Интер», «Арсенал», «Брюгге», «Олимпиакос», «Пафос» және «Копенгаген» клубтарымен бақ сынайды.