26 жасында Түркия құрамасын қолға алып, тарихи нәтиже тіркеген қазақ бапкері кім

26 жасында Түркия құрамасын қолға алып, тарихи нәтиже тіркеген қазақ бапкері кім
Қысқы спорт

Өткен демалыс күндері Алматыда шорт-тректен әлем кубогының ІІІ-IV кезеңдері аяқталды. Аталған додада 30 елдің спортшылары бақ сынады, оның ішінде Түркия ұлттық құрамасы да бар. 2014 жылдан бері Түркия командасын қазақстандық маман Артур Сұлтанғалиев жаттықтырып келеді. Шорт-тректен Түркия құрамасының тізгінін Артур Сұлтанғалиев ұстағалы бері команда тарихи нәтижелерге қол жеткізе бастаған. Bassport.kz тілшісі бапкерді әңгімеге тартып, арнайы сұхбат құрды.


- Артур, Алматыда шорт-тректен әлем кубогының екі кезеңі өтті. Алдымен осы жарыстағы Түркия құрамасының аяқ алысы туралы айтсақ.

- Біз бұған дейін Америка мен Канададағы кезеңдерге қатыстық. Фуркан Акар атты спортшымыз АҚШ-тағы әлем кубогы кезеңінде 1000 метрге жүгіруге төртінші орынға табан тіреді. Ол Қазақстан құрамасының спортшысы Әділ Ғалихаметовті алға жіберген. Бұл – тарихи жетістік. Мұндай жетістік Түркиядағы шорт-трек тарихында бұрын-соңды болмаған. Ендігі жоспарымыз - Фурканды әлем кубогінің финалына шығару. Басты мақсатымыз осы. Оның медаль алуға мүмкіндігі бар. Десе де,тактика жағынан әлі өсу керек. Небары 20 жастағы спортшы болғандықтан, тәжірибесі жетіспей жатады. Болашағы алда, жарыстарға қатысу арқылы шыңдала береді. Жаздағы жаттығулардың арқасында шыдамдылығы артты.

Қазір әлемдік жүйе жыл сайын өзгереді. Сондықтан сол өзгерістерден қалмай, бізге де дамып отыру керек. Сол мақсатта жыл сайын бапкер ретінде спортшылар өзге команда шорт-трекшілерімен тең дәрежеде бәсекелесе алуы үшін жаттығуды қай жағынан жақсарту керек екендігін зерттеймін және қазір соның жемісін көріп жатырмын. Олимпиада маусымының алдында жақсы дайындық жүргіздік және Бейжіңдегі қысқы ойындарға қатыстық. Бұған дейін шорт-тректен Түркия құрамасы Олимпиада ойындарына қатысып көрмеген.



Бейжің Олимпиадасында Фуркан Акар 1000 метрде алтыншы орынға тұрақтады. Бұны 80 жылдағы тарихи жетістік десем де болады. Өйткені, Түркияда қысқы спорт түрлерінің дамуы кенже қалып қойған. Түркиядан қысқы Олимпиада ойындарына тек 6-7 спортшы лицензия алады екен. Сол үшін мұндай нәтижені ешкім күткен жоқ. Жаздағы жақсы дайындық Олимпиададағы нәтижеге әсер етті. Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның өзі бізді осы жетістікпен құттықтады. Қазір сол нәтижені жақсарту үшін әлем кубогы кезеңдеріне қатысып жатырмыз, бұл спортшылар үшін тәжірибе. Біздің қазіргі мақсатымыз - медаль алу емес, 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дейін тәжірибе жинап, дайындығымызды шыңдау, нәтижелерімізді жақсарту.

- Түркияның конькишілер одағымен Сочи Олимпиадасынан кейін, яғни 2014 жылы келісімшарт жасастыңыз. Ұлттық құрамадағы қызметіңізді бірден бас бапкер ретінде бастадыңыз ба?

- Сочи Олимпиадасынан кейін тіземнен жарақат алдым. Түркия сол жылы шетелден бас бапкер іздеген. Біз жыл сайын жазда Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізетінбіз. Сол кезден бастап олар мені танып, зерттей бастаған. Жарақат алғаннан кейін мені бас бапкер қызметіне шақырды. Сөйтіп, 2014 жылдың тамыз айынан бері түрік шорт-трекшілерін дайындап жүрмін. Қазіргі спортшылар ол кезде шорт-трекпен енді айналыса бастаған кішкентай бала еді. Арада 8 жыл өтті, қазір сол балалар өсіп-жетіліп, бүгінгі нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Осы үшін өте ризамын. Бұдан да жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенемін және қазір осы үшін жұмыс істеп жатырмыз.


- Спорттық мансабын енді аяқтаған жанға бас бапкердің қызметін ұсынған Түркияның шорт-трек федерациясы сізге зор сенім артқан ғой.

- Иә, олар мұндай шешім қабылдау арқылы үлкен тәуекелге барды деуге болады. Қазір осы спортшылардың көрсеткішін жақсарту үшін көп қолдау көрсетіп жатыр.

- 2014 жылы бапкерлік қызметке енді кіріскенде берген сұхбатыңызда Түркияда шорт-трекпен әзірге тек ұлдар айналысып жүр деп айтқан едіңіз. Қазір шорт-трекпен айналысатын қыз балалар бар ма? Жалпы, шорт-трек халық арасында қаншалықты танымал?

- Түркияда шорт-тректі дамыту 2009 жылы қолға алынған. Негізі, федерация 2006 жылы ашылған, бірақ тек мәнерлеп сырғанау ғана болды. Хоккей алаңы болған соң, шорт-тректі де дамыту жоспарланды. 2011 жылы елде Универсиада өткен. Содан кейін шорт-трек дами бастаған. Бірақ әлі де бұл спорт кеңінен таныла қойған жоқ. Дұрыс жарнама болмағандықтан, халықтың назарын аудара алмай жатыр. Бірақ Бейжің Олимпиадасы шорт-тректің дамуына жаңа серпін берді. Фуркан Акардың алтыншы орынға табан тіреуі халықтың спортшыны тануына ықпал етіп, шорт-трекшіні көптеген хабарлар қонаққа шақыра бастады, біз туралы жаңалықтар жазылды. Қазір осы спорт түрін дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Ұлттық құрамамызда қыздар бар, бірақ олар 14-16 жаста. Сондықтан олар әлі өсуі керек. Бірақ өз жастарында Еуропа чемпионттарына қатысып жүр және медальдарға қол жеткізуде. Осындай қарқынды дайындықтарды жалғастыра берсек, алдағы 2 жылда оларды әлем кубоктары кезеңдерінен көреміз деп сенемін.



- Түсінгенімше, сіз Түркиядағы шорт-тректің барлық жүйесіне жауаптысыз. Сонда ұлттық құрама ересектер, жасөспірімдер болып, жас ерекшеліктеріне қарай бөлінбей ме?

- Бізде таңдау жоқ, өйткені кадр аз. Сондықтан спортшы үздік нәтиже көрсетсе, ол ұлттық құрамаға өтуі үшін норма тапсырады. Сол норманы тапсырған шорт-трекшілерді ұлттық құрама сапына қосып жатырмын. Өйткені, олар дамуы керек. Спортшылар саны аз болған соң, оларды іріктеу керек. Іріктеуден өткендер Еуропадағы жарыстарға қатысып, жүлделерге қол жеткізіп, шашамен екі жылдан кейін әлем кубоктары кезеңдерінде өнер көрсете бастайды.

- Түркі тілдес халықтармыз ғой, бір-бірімізге ұқсас тұстарымыз көп. Мәселен, қазақстандық шорт-трекшілер 500, 1000 метр сияқты қысқа қашықтықтарға бейім. Түркия спортшыларынан да спринтерлер көп шығатын сияқты ма, әлде қалай?

- Біздің дайындық базамыз Эрзурум қаласында орналасқан. Мұз сарайы әлемдегі ең биік нүктелерде тұрған қалалардың бірі. Мұндай қалаларда тұратын спортшылар ұзақ қашықтықтарға жүгіруде мықты болып келеді. Өйткені, таулы қалада өмір сүретіндіктен, шыдамдылықтары жоғары деңгейде болады.

- Біздің ұлттық құрамамен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын көп өткізесіз. Қазір Қазақстан шорт-тректен көшбасшы елдердің қатарында. Жұмыс процесіңізде қай елдің, мәселен, оңтүстік кореялықтардың, нидерландықтардың немесе Қазақстанның тәжірибесін көп қолданасыз? Әлде бәрін жиып, жеке жаттықтыру әдісіңізді жасадыңыз ба?

- Өз жаттығу жоспарымда көбіне нидерландық және канадалық жүйелерді қолданамын. Осы екеуін біріктіріп, ортақ бағдарлама жасап жатырмын және қазір оның нәтижесін көре бастадық. Жүйе жыл сайын өзгеріп жатқандықтан, өзге командалардың жаттығу процестерін көп зерттеймін. Ортақ оқу-жаттығу жиындарына қатысып жүрміз. Қазақстан құрамасы өзімнің бұрынғы командам болғандықтан, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын көп өткіземіз. Осы жылы жазда Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу жиындарын Түркияда өткізді. Ендігі жарыстарда жақсы нәтиже көрсету үшін 2023 жылы Қазақстан командасымен бірге жаттығу жоспарымызда бар.



- Сіз спортшы болған кезде, шорт-трек Қазақстанда аса танымал болған жоқ. Бертін келе ғана халық танып, біле бастады. Елдегі шорт-тректің дамуына сырт көзбен қарағанда қандай баға бересіз?

- Қазақстан құрама командасының мол тәжірибе жинағаны көрініп тұр. Мұнда 1986 жылдан бері шорт-тректі дамытумен айналысқан Мәдіғали Қарсыбековтің еңбегі зор. Команда көптеген елдермен жұмыс істеген, олардың жаттығу процестерін зерттеген. Сол тәжірибенің арқасында қазір Қазақстан шорт-тректен элиталық елдер қатарына кіреді. Әр командада ұрпақ ауысады, прогресс пен регресс болып тұрады. Оңтүстік Кореяның шорт-трекші қыздарының қазіргі нәтижелері төмен, ал нидерландтық спортшыларда прогрес байқалады. Бұл осылай ауысып отыратын үздіксіз процесс. Тұрақты ештеңе жоқ. Ең негізгісі жайт - бас бапкер жаттығуларды жетілдіріп отыруы керек. Шорт-трек - әлі даму үстіндегі спорт түрі. Жыл сайын рекордтар жаңарып, секундтар жылдамырақ бола түсуде. Әр командада қай спортшыны жарысқа қалай дайындау керектігі жөнінде зерттеу жұмыстары жүргзіліп жатыр.

- Жыл он екі ай бойы Түркияда тұрасыз ба, әлде маусым біткенде елге келесіз бе?

 - Маусым біткеннен кейін, келісімшарттағы бір айлық демалысымда Қазақстанға келемін. Өйткені, мұнда менің ата-анам, туысқандарым бар. Жылына бір рет келіп, олардың жанында болып, хал-жағдайларын сұрау – менің перзенттік парызым.

- Спортшы мансабын аяқтап, бапкерлік қызметке ауысу қиын болды ма? Ішіңізде «спортшы ретінде осыны жасай алмадым» деген сияқты өкініш болды ма?

- Спортшы ретіндегі мансабымды 25 жасымда аяқтаған соң, өкініш болды. 25 жаста көптеген жетістіктерге қол жеткізуге болады. 28-30 жаста спортшы мансабындағы ең үздік нәтижелерді көрсете бастайды. Сол кезге жете алмаған соң, ішімде кішкене өкініш бар. Десе де, мен мансабымды жарақат салдарынан аяқтадым және артынша бірден Түркия ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалдым. Ол да бір жетістік деп ойлаймын. Кез келген спортшыға мұндай мүмкіндік беріле бермейді. Қазір өзім спортшы ретінде қол жеткізе алмаған жетістіктерге шәкірттерім жетуі үшін барымды салып жұмыс істеп жатырмын.

- Бас бапкер болып тағайындалғанда неше жаста болдыңыз?

- 26 жаста.

- Шорт-трек тарихындағы ең жас бапкер атандың ба, әлде өзге де жаттықтырушылар бар ма?

- Ұлттық құрама команданың бас бапкері қызметіне тағайындалған ең жас жаттықтырушы сияқтымын.

- Қазір Нұрберген Жұмағазиев Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болды.

- Иә, Нұрбергеннің жасы 32-де. Оның жиған жақсы тәжірибесі бар. Оны жас деп айта алмаймын. Оның ұлттық құрамаға бере алатын білімі, тәжірибесі бар.

- Әр спортшының арманы-мақсаты – Олимпиада ойындарына қатысу. Сіз тек Сочидегі ойындарға қатыстыңыз. Ванкувердегі қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан жоқсыз ғой?

- Ванкувердегі ойындарға лицензия алдым, бірақ бапкердің шешімімен менің орныма Айдар Бекжанов барды. Ол кезде шорт-трек лицензиясы спортшыға емес, құрама командаға берілетін. Сондықтан Олимпиадаға кім баратынын шешу бапкердің құзыретінде болды. 2008-2009 жылдары біздің команданың бас бапкері қытайлық маман болды. Бапкердің шешімі талқыланбайды және ол тәуекел еткен болуы да мүмкін.



- Ол кезде неге мен бармаймын деген сияқты сұрақтар болып, бапкердің шешімін түсінбеген шығарсыз. Ал қазір өзіңіз сол қызметте болғандықтан, бапкердің шешімінің дұрыстығын түсінген боларсыз?

- Бапкерлік қызметке келген соң, көп нәрсеге көзқарасым өзгерді. Шешім қабылдау оңай емес. Спортшыға мотивация беріп, рухын түсірмеуге, жігерін жасытпауға тырысасың. Бірақ кейде мұны жасау қиын. Психолог болуың керек. Әр спортшыны зерттей білу қажет. Спортшы болу қиын деп ойлайтын едім, бапкердің жұмысы одан да күрделі екен. Көп адамдар мұны түсіне бермейді. Мәселен, спортшы Олимпиада шыңын бағындарғанда, басты еңбек бапкердікі екенін көбі біле бермейді. Қазір осы сәттердің бәрін басмынан кешіріп, бапкерлік қызмет оңай емес екенін түсініп жатырмын.

- Талай жыл елден жырақта жүргеніңіз бірден байқалып тұр. Тіліңізде түрікше акцент пайда болған. Түркияға алғаш барғанда тіл жағынан кедергі болды ма?

- Басында түрікше білген жоқпын. Басшылармен, спортшылармен тек ағылшын тілінде сөйлесетін едім. Уақыт өте келе, түрік тілін меңгердім. Түркияда жұмыс істегеніме 8 жыл болды, күнде түрікше сөйлесеміз. Қазақстанға келгенде, қазақша мен түрікше бір-бірімен араласып кетеді.

- Қазір түрік тілінде ойлайсыз ба?

- Түркияда жүргенде түрікше, Қазақстанда қазақша ойланып сөйлеймін. Америкаға барсам, ағылшынша ойланамын дегендей.

- Ал өз-өзіңізбен қалай жұмыс істейсіз? Бапкерлік біліміңізді шыңдау үшін қосымша курстарда оқыдыңыз ба?

- Бас бапкердің жұмысы зерттеуден тұрады. Мұның өзі оқудың бір түрі. Бұрынғы спортшылар қалай дайындалды, жетістікке қалай жетті деген сияқты мәселелерді зерделеуі керек. Экстрадан оқуға болады, бірақ кейде оған уақыт жоқ. Өйткені, отбасым бар, балаларым бар, жаттығулар бар. Балаларым Түркияда туып-өсті, үлкен балам бірінші сыныпқа барды. Үйде қазақша сөйлесеміз, бірақ балам мектепте түрікше оқуға мәжбүр. Қазір менің баламда «тілідк барьер» болып жатыр. Жолдасым да қазақ, Ақтөбе облысының тумасы. Сочи Олимпиадасынан кейін отау құрдық, Түркия құрама командасымен келісмшартқа қол қойғаннан кейін, оны да өзіммен бірге алып кеттім. 2 қызым, 2 ұлым бар. Спортқа бейімділіктері бар, өздері шорт-трекпен айналысқылары келеді. Бірақ түркиядағы бапкерлердің біліктілігі төмендеу, сосндықтан оларды өз қол астымда тәрбиелеуді жоспарлап жүрмін. Мен жарыста болғанда, сайыстарды теледидардан көріп, қолдау көрсетеді. Түркия мен Қазақстанға қатар жанкүйер болады. Жарыстарды көріп өскендіктен, шорт-трекпен айналысқылары келеді. Себебі, жақсы көреді. Бірінше рет өзіммен бірге мұзға алып бардым. Үлкен ұлымның шорт-трекпен айналысқанын қалаймын және өзім оның жеке бапкері болғым келеді.

- Спортта бағы ашылса, қай елдің атынан сынға түседі?

- Халықаралық жарыстарда өз Отанымыз - Қазақстанның намысын қорғағанын қалаймын.

- Түркияның шорт-трегі мен сіздің бапкерлік мансабыңыз қатар дамыды деп айтуға бола ма? Қанша дегенмен, сіз бұл елге бапкер болып барғанда, елде спорт түрі енді-енді қадам басып келе жатты. Ал сіз спортшыдан бапкерлік қызметке ауыстыңыз.

- Бұлай айтуға болады. Маған дейін ол жақта қытайлық, болгариялық мамандар болған. Бірақ олар көрсеткен нәтижелер федерацияның көңілінен шықпаған. Сол үшін Қазақстаннан маман алдыруды жоспарлап, мені шақырған.

- 8 жылда келісімшартты қанша рет ұзарттыңыздар?

- Алғаш барғанымда 4 жылға келісімшарт жасастық. Федерацияның жүйесінде әр 4 жыл сайын президент ауысады, сайлау болады. Содан кейін келісімшарттар қайта қаралып, бапкерлермен сұхбат құрылады. Шорт-тректі одан әрі қарай қалай дамытамыз деген сияқты сұрақтарға жауап беру арқылы бапкерлермен келісімшарттың әрі қарай жалғасатыны не жалғаспайтыны анықталады. Менің қазіргі келісімшартым жыл соңында бітеді. Қазір жаңа келісімшартқа байланысты келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ендігі келісімшартым бұдан да жақсы болады деп ойлаймын. Өйткені, тарихи жетістікке қол жеткіздік.

- Осы уақыт аралығында өзге елдерден ұсыныс түсті ме?

- Иә, Таиландтан ұсыныс болды. Бірақ Түркиямен келісімшартым бар екенін айтып, бас тарттым. Мен осы Түркия құрамасымен жетістікке жеткім келеді, қанша дегенмен ұлттық құрама үшін 8 жыл өмірімді арнадым және бастаған ісімді соңына дейін жеткізгім келеді.

- Енді әлем кубогының Германия (Дрезден) мен Нидерландтағы (Дордрехт) кезеңдері бар.

- Түркия Еуропа елдері қатарына кіретіндіктен, Еуропа чемпионатына қатыса аламыз. Ол да кішігірім әлем чемпионаты сияқты. Польшада Фуркан Акар медаль алады деп ойлап отырмыз, соған дайындық жүрігізіп жатырмыз. Ең басты мақсатымыз – әлем чемпионаты. Наурызда Сеулде әлем чемпионаты өтеді. Осы әлем кубогы кезеңдері жаһан біріншілігіне дайындық.

- Қазір Олимпиададан кейінгі маусым өтуде. Кейбір спорт түрлері демалып жатыр. Биыл қай құраманың нәтижелері таңғалдырып жатыр?

- Ешқандай команданың нәтижесі таңғалдырып жатқан жоқ, керісінше фаворитттер бізге таңдай қағып қарап жатыр. Бапкерлер Түркияның деңгейі өсті деп, қолдау білдіріп жатыр.

- Шорт-тректе жастар көп. Жаңа есімдер туралы пікіріңіз қандай?

- Оңтүстік Корея командасы мықты. Олардың жастары келсе де, бірінші орын ала алады. Шорт-трек мектебінің деңгейі жоғары, бапкерлері де мықты. Олар әр команданы, оның жүйесін зерттейді. 2013-2014 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері оңтүстік кореялық маман болды. Сол бапкерден көп нәрсе үйрендік. Бірақ ол бізді ескі жүйемен жаттықтырды. Қазір Оңтүстік Кореяның жаттығу жүйесі өзгерген, Еуропадан өздеріне қажетті нәрселерді алған. Мәселен, қазір жазда олар велосипед теуіп, фитнеспен шұғылданады. Жүйені өзгертудің арқасында олар нәтиже көріп жатыр. Себебі, 2014 жылы Сочи Олимпиадасында Оңтүстік Кореяның ерлер құрамасынан ешкім медаль алған жоқ. Сөйтіп, олар Нидерланд пен Канада елдерінің жүйелерін қолдана бастады. 2018 жылғы Олимпиадада өзгерістердің нәтижесінде көп жүлде Оңтүстік Кореяның еншісінде кетті.

- Қазір көп құрамаларда легионерлер бар. Түркияның елдегі шорт-трек деңгейін көтеру үшін легионер тарту мәселесіне көзқарасы қандай?

- Ең басында жоспарда болған. Алайда спортшымыз Олимпиадада алтыншы нәтиже көрсетті және ол өз еліне үлгі бола білді. Соның арқасында жасөспірімдер қарқынды дайындыққа кірісті. Енді бір жылдан кейін әлем кубогы кезеңдерінен медаль алуды бастаймыз, ол күн де алыс емес.

- Бас бапкер ретіндегі арманыңыз қандай?

- Өз шәкіртімнің Олимпиада чемпионы болғанын қалаймын. Ал ең үлкен арманым – өз ұлымның Қазақстан атынан Олимпиада чемпионы болғанын көру.

- Елге қызмет ету ойыңызда бар ма?

- Әрине, бар. Елге оралып, Отаныма қызмет етуге әрдайым дайынмын.

- Спортшы болған кезіңізде Қазақстан шорт-тректен әлем кубогы кезеңдерін қабылдайды деп ойладыңыз ба?

- Шынымды айтсам, әлем кубогы біздің елде өтеді деп күткен жоқпын. Бірақ Қазақстанның мұндай жарыстарды өткізетін әлеуеті болды. 2018 жылы әлем кубогы алғаш рет өтті, биыл екінші мәрте өкізіліп жатыр. Бұл қазақ шорт-трегінің дамуына тың серпін береді. Түркия бас бапкері ретінде өз еліме келгеніме қуаныштымын. Өз еліңде өнер көрсету қашан да қуаныш. Алдағы уақытта өз отандастарымды да жаттықтырамын деп ойлаймын.

- Бұған дейін әлем кубогы кезеңдері АҚШ-та, Канадада өтті. Салыстырмалы түрде Алматыдағы кезеңдердің өткізілу деңгейі қандай?

- Жарыс жоғары деңгейде өтті және жақсы ұйымдастырылған. Мұз жүйесі, жарықтандыру, киім ауыстыратын бөлмелердің барлығында жаңа жүйелер қолданылған. Дамып кеткен Жапонияның өзінде мұндай стадиондар мен жағдай жоқ. Мұнда мұз сарайының ішінде фитнес залдар бар. Көп елдерде мұндай жағдайды кездестіре бермейсің. Бұл Қазақстан үшін үлкен жетістік деп ойлаймын.

- Осы әлем кубогы кезеңі аясында ҚР Мәдениет және спорт министрімен кездесу мүмкіндігі туды. Соған қатысты пікіріңізбен бөліссеңіз.

- Қазақстан құрама командасымен жаттығу барысында Дәурен Әскербекұлы жеке өзіммен сөйлесіп, Олимпиададағы жетістігіммен құттықтады. Өте қуаныштымын.

ФОТО: Сали Сабиров