"Мықтыларды сынайтын адам табылады": Отандық спорт жұлдыздары қай командаға жанкүйерлік етуде

Футбол


Футболдан әлем чемпионатының плей-офф кезеңі де орта тұсына жақындады. Бүгінге дейін Аргентина мен Нидерланд, Франция мен Англия құрамалары келесі айналым мәселесін шешіп қойды. Алда біз көретін талай қызықты матчтар күтіп тұр. Осы орайда, Bassport.kz отандық спорт жұлдыздарының қай командаға жанкүйерлік ететінін анықтап, финалда қай құрамаларды көретінін сұраған болатын.


Нұрбақыт Теңізбаев, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері:


- Футболдан әлем чемпионатын бастан аяқ көріп жатырмен деп айта алмаймын. Бірақ төрт жылда бір келетін доп додасы болғандықтан, қолым тигенде қарауға тырысып жүрмін. Жалпы өзім қандай да бір команданың түпкілікті жанкүйері емеспін. Бірақ осы әлемдік сында Англия мен Жапонияның аяқ алысына тәнті боп жүрмін. Әрине, финалда кімдердің кездесетінін болжай алмаймын. Алайда, Англия мен Жапонияның алғашқы үштікке кіретінін ішім сезеді. Катардағы бәсекеде осы екі құрамаға тілеулеспін.

Махмұд Сабырхан, бокстан әлем чемпионатының жүлдегері:

- Жаттығу арасында футбол көруге де уақыт табамын. Өзімді футболды беске білетін жанкүйерлер қатарына қоспаймын. Десе де, қазіргі Францияның қарқыны маған қатты ұнайды. Франция чемпион болатын сияқты. Осыдан төрт жыл бұрынғы жетістігін қайталап жатса, таң қалмаймын. Ойыншылар арасынан Киллиан Мбаппенің шеберлігін ерекше атап өткім келеді. Қазір бүкіл әлем осы Киллианға таңдай қағып отыр. Ол осы біріншіліктің үздігі болуы мүмкін.


Нұрберген Жұмағазиев, бұрынғы спортшы, шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері:

- Футболдан әлем чемпионатында, сөз жоқ, Португалияға жанкүйермін. Шынымды айтайын, Португалияның ойынын Криштиану Роналду үшін көремін. Ол әлемнің үздік спортшысы, енді тек осы кубок қана жетпей тұр оған. Катардағы доп додасы басталғалы бері Криштиануға айтылып жатқан сын көп. Ерінбеген адамның барлығы Роналдуға сын садағымен түйреп кетуде. Осы орайда айтарым, мықтыларды қашанда сынайды. Шын үздіктерді сынайтындар да көп. Сондықтан, осы жолы Роналду чемпион болады деп сенемін. Ал финалда Аргентина мен Португалия жолыққанын бүкіл жанкүйерлер тілеп отырған шығар...


Мейіржан Шермаханбет, грек-рим күресінен Азия чемпионы:


- Бұл чемпионатты достарыммен бірге қадағалап жүрмін. Жеке өзіме Франция, Бразилия және Аргентина үштігі ұнауда. Осылардың бірі чемпион атанады деген ойдамын. Ойыншылар арасынан Киллиан Мбаппенің қарқыны керемет. Кім жеңсе де, нағыз мықты озсын. Финалда Франция мен Бразилия кездеседі деген болжамым бар.