Махмұд Сабырхан: Мен асыққан жоқпын. 5:0 ұтылып жатқанда басқа не істеуге болады

Махмұд Сабырхан: Мен асыққан жоқпын. 5:0 ұтылып жатқанда басқа не істеуге болады
Бокс

Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Махмұд Сабырхан Аммандағы Азия чемпионатын күміспен аяқтады. Бапкерлер мен жанкүйерлер талантын ерекше бағалаған спортшы ересектер арасында әлі алтынға қол жеткізе алмай келеді. Былтыр әлем чемпионатының финалында ұтылса, биыл Азия біріншілігінің алтынынан айырылды. Bassport.kz тілшісіне шағын сұхбат берген боксшы бұл сәтсіздік сериясын міндетті түрде өзгертетінін айтты. 


"Былтырғы әлем чемпионатының финалындағы жеңілістен соң өзімді қамшылай түстім. Өйткені, ұлттық құрамаға енгелі бері ірі жарыстардың алтыны бұйырмай жүр. Азия біріншілігіне нағыз бабымда бардым. Бар күшімді салдым. Бірақ ақтық сында есе жіберу маған оңай емес. Қарсыласым - Филиппин боксшысы. Ол да осал емес, Олимпиаданың финалына шыққан жігіт. Ал төртжылдық додасында кез келген боксшы ақтық сынға шықпайды.


Алайда, бірінші раундта 0:5 есебімен ұтылдым деп ойламаймын. Төрешілердің дәл осылай жығып бергені дұрыс емес сияқты. Бұл жеңіліс мені шыңдай түсті. Қателіктермен жұмыс істеп, ешкімге мүмкіндік бермеуге тырысамын", - дейді спортшы. 


Сондай-ақ, Махмұдты жанкүйерлер асығыс жұдырықтасатыны үшін де сынға алып жатады. Бұған боксшының айтар өз жауабы бар. 


"Егер жекпе-жек мен ойлағандай өтіп жатса, асықпаймын. Басқа кездесулерді қарасаңыз, бір деммен жеңіп шықтым. Ал ақтық сынның алғашқы раундында төрешілер 5:0 есебімен қарсыласымды алға шығарды. Дәл солай ұтылып жатқанда не істеуге болады? Асығып кететінім содан шығар", - дейді боксшы. 


Махмұд Сабырхан 54 келіде әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері саналады.