Финляндия елінің боксын көтерген қазақ бапкері жайлы не білеміз?

Финляндия  елінің боксын көтерген қазақ бапкері жайлы не білеміз?
Бокс

Қазақта дарынды спортшылар ғана емес, білікті бапкерлер де жетерлік. Тіпті, шет мемлекеттен сұранысқа ие болып, шекара асқандары да бар. Мысалы, Финляндия елінде Асқар Сәрсенбаев есімді бокс бапкерінің атағы аспандап тұр. Ол қазір осы елдің құрамасының бас үйлестірушісі.

Кейіпкеріміз 1972 жылы қазіргі Түркістан облысына қарасты Кентау қаласында дүниеге келген. Ол көпбалалы отбасында өскен. Үйдегі алты баланың төртеуі қыз, екеуі ұл екен. Асқар үйдің кенжесі. Әкесі 42 жыл шахтада еңбек еткен. Анасы асханада жұмыс істеген.

Спорттағы жолы алдымен футболдан басталыпты. Екі жылдай ала допты дұрыс тебуді үйренеді. Сосын теледидардан Серік Қонақбаевтың Мәскеу Олимпиадасындағы боксын тамашалайды. Сөйтіп, былғары қолғапқа деген қызығушылығы оянады. Бокс залына алғашында ағасымен бірге. Ол тұста боксқа 10 жастан қабылдайтын. Кеншілер қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қазыбек Мырзақұловтан тәлім алған.

Кентаудағы бокс залында үш топ болған. Әр топта 40-50 баладан бар. Сондықтан бәсекелес күшті. Жаттығудан қалсаң, қатардан шығасың. Жарыстарға апармайды. Бала Асқар осыны жақсы түсінді. 



Арада сегіз ай өткенде, алғашқы жарысына жолы түскен. Содан 25 жыл бойы қолынан бокс қолғабын шешпеді. Осы аралықта 400-ден астам кездесу өткізген. Қырғызстанда өткен КСРО-ның оқушылар арасындағы чемпионатында топ жарған. Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы. Ересектер арасында Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) ашық біріншілігінде үздік шыққан. Кейін Финляндия елінде үш мәрте сол елдің чемпионы болған. АИБА ұйымдастырған халықаралық «Tammer Turnaus» турнирінде алтын жүлде алған. 2010 жылдан бері Финляндия құрамасында бапкер болып еңбек етеді. Алты жыл ұлттық құраманың тізгінін ұстады. Қазір үйлестіруші болып жүр.



Суоми еліне жолы қалай түскен. Осыған тоқталсақ, алдымен Финляндиямен шекаралас Ресейдің Санкт-Петербург қаласына оқуға барады.


– Боксты тастамай, ол жақта спорт шебері дәрежесін орын­да­дым. КСРО-ның ыдырап, ТМД-ның құры­лып жатқан кезі ғой. Шыны керек, Қазақ­станнан келген маған Петерборда оңай болмады. Әлгі «спорт шебері» дәрежесін бермей, екі жылдай қинады. Бір жағынан өзім де, негізінен, спортқа емес, білімге ден қойдым, – дейді кейіпкеріміз.


Санкт-Петербург Финляндиямен шекаралас. Сондықтан Ресейдің солтүстік астанасына олар жиі қатынап тұратын. Бірлесіп оқу-жаттығу жиындарын да өткізген. Сондай жиындардың бірі Суоми елінің бас бапкері Сәрсенбаевты өздеріне шақырады. Басында үш айдай сол жақта болады. Бірақ кейін туған жерге оралуды құп көреді. Үйдің кенжесі, шаңырақтың иесі. Кентауға әке-шешесінің қасына келеді. Алайда 90-жылдардың басындағы алмағайып заманда, лайықты жұмыс табылмайды. Қайтадан 1997 жылы Финляндияға барған. Ол жақта әпкесі тұрады. Қонаққа шақырған. Финляндияның батысындағы 20 мыңға да жетпейтін халық орналасқан Пиетарсаари деген қалада болады. Бұл қалада негізінен адамдар швед тілінде сөйлейді. Әпкесінің үйінде жүріп, спортзалда жаттығу жасайды. 


– Бір күні спорт кешенінің қожайыны балаларды жаттықтыруға қалай қарайсың деп сұрады. Мен келістім. Сөйтіп, боксқа қызығушылығы бар балаларды жинадық. Өзім де олармен бірге жаттығып жүрдім. Сосын жергілікті клубқа қабылданып, Финляндияның чемпиондарын жеңе бастадым. Одан кейін Рованиемидегі халықаралық жарыста үш жекпе-жекті өз пайдама шештім. Сол кезде Финляндия құрамасының аға бапкері Генрих Форс байқап, АИБА-ның «Tammer Turnaus» турниріне қатысуға шақырды. Алғашқы кездесуде Эстония боксшысы Эркки Поллиден басым түстім. Бокс ол кезде 2 минуттан бес раунд болатын. Төртінші раундта үш нокдауннан кейін қарсыласымды нокаутқа түсірдім. Өкінішке қарай, жартылай финалда АҚШ боксшысына есе жібердім. Бірақ кейіннен 2001 жылы осы турнирде топ жардым, – дейді Асқар Сәрсенбаев.


Суоми елінде қандасымыз 60 келі салмақта төрт мәрте чемпион атанған. Кейіннен Финляндия чемпионатын ұта беруден ұялып, тек халықаралық додаларға қатысумен шектелді. Шаршы алаңда 35 жасқа дейін жүрді. Сосын қолғабын шегеге іліп, бапкерлік жұмысты бастайды. Алғашында Финляндия жасөс­пірімдер құрамасының аға жаттық­ты­рушысы етіп тағайындалды. Мұнда да біраз жетістіктерге жеткен соң, қыздар құра­ма­сының тізгінін ұстатты. Артынша ұлттық құраманың тізгінін береді.



2010 жылдан бастап, талай боксшының томағасын сыпырды. Финляндия бокс мектебінің деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда өте төмен. Бапкерлігінің біліктілігі жоғары деңгейде емес. Боксшылардың техникалық арсеналын шыңдау оңайға соқпаған.

Дегенмен, арада 3 жыл өткенде еңбегінің жемісін көре бастады. Мысалы, 2013 жылы жасөспірімдер арасынадағы әлем чемпионатында шәкірті ширек финалға дейін жетеді. Арада бір жыл өткенде Болгарияда құраманың тағы бір мүшесі екінші орын алып, Нанкиндегі жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына қатысады.



Қыздар құрамасындағы боксшылары 2016 жылы Астанадағы әлем чемпионатында олжа салды. Мира Потконен 60 келі салмақта қола жүлдеге ие болды. Өзінің туған жерінде әкелген шәкірті сенімді ақтағанына бапкер Сәрсенбаев балаша қуанады.

Кейіннен осы Мира Потконен 2016 жылы Рио-де-Жанейро, 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді.

Бразилия шаршы алаңында Мира ширек финалда бес дүркін әлем чемпионы ирландиялық Кэти Тэйлорды ұтып кеткені бар.

Отбасы жайлы қысқаша айтсақ, анасы Салиха қарапайым адам болғанын, асханада жұмыс істегенін жаздық. 2003 жылы 63 жасында дүниеден өткен. Ал әкесі Бекен көзі тірі. Жасы 90-ға жақындап қалды.

Өзі 30-ға жақындап отбасын құрған. Сүйіктісін алыстан емес, туған жері Кентаудан кездестіріпті. Қазіргі кезде бір ұл, екі қыз тәрибелеп отыр. Үлкен қызы 16 жаста. Алты тіл біледі екен. 13 жастағы ұлы бокстан оқушылар арасында Финляндия чемпионатында бірнеше рет жеңіске жеткен.

Бос уақытында баскетбол ойнағанды, суға жүзгенді жақсы көреді.