QJ League алғашқы маусымын қорытындалады: алдағы жоспар қандай?

QJ League алғашқы маусымын қорытындалады: алдағы жоспар қандай?
Футбол

Freedom QJ League

Жасөспірімдер арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған QJ League-тің алғашқы маусымы қорытындыланды. Рас, бастапқыда жобаның деңгейі мұндай ауқымды әрі өміршең болатынына күмәнмен қарағандар көп еді. Себебі жобаны ойлап табу бар да, оны жүзеге асыру бар. Ал мәселенің бәрі сол жүзеге асыру кезінде туындайды емес пе?.. Қызығушылық жоқ, қаражат жоқ, білікті маман жоқ, шын жанашыр адамдар жоқ деген секілді кедергі көп. Бірақ осының бәрінің орайын келтірсе, шынымен де көзге көрінетін жұмыс істеуге болады. Мұны QJ League дәлелдеген секілді. Аталған жобаның өміршеңдігі жайлы айту әлі ерте, себебі алғашқы маусымын ғана қорытындылады. Десек те оның қамтуға тырысып жатқан ауқымы, бағыты шынымен де қуантады.

QJ League президенті Рохус Шох жасөспірімдер арасындағы лиганың ауқымды, ұлттық, стратегиялық және жүйелі жоба екенін айтып отыр.

Бұл жобаны әлеуметтік деп те қарастырамын. Ол жас футболшылар үшін ғана емес, бапкерлерге, төрешілер мен матч дэй менеджерлер, спорттық менеджерлер мен спорттық офицерлер үшін әлеуметтік жеделсаты тәрізді. Біз жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып отырмыз. Себебі футбол – ең бұқаралық әрі ең қолжетімді спорт түрі, - деді Шох.

Шох лиганы ұйымдастыру туралы ой өңірлерді аралап жүргенде келгенін айтады. Себебі жергілікті жерлерде шынымен де балаларды жаппай спортқа баулитын жобалар аз.

Мұндай лиганы құру туралы ой былтыр – өңірлерді аралап жүрген кезде келді. Бізде балалар-жасөспірімдер мен ересектер арасын жалғайтын көпірдің жоқтығын түсіндім. «Тілегенге – сұраған» дегендей, меценат Тимур Турловпен танысып, ол кісі менен ұлтқа пайдасы тиетін қандай жоба жүзеге асыруға болатынын сұрады. Мен де қымсынбастан ойымды айттым. Ол кісі қуанып кетті. Себебі ұлтыңа пайдаң тисін десең, ең алдымен балалар мен жастарға инвестиция сал. Көптеген талқылаудан соң QJ League құру туралы бастамамыз шындыққа айналды, - дейді лига президенті.

Жобаның тағы бір артықшылығы, футболға әуес жастар кәдімгі кәсіби футболшылардың өмір сүру қалпына бейімделеді. Яғни апталық циклмен өмір сүріп, өз алаңында және сырт алаңда матчтар өткізуі керек.

Жастарымыз футболдағы шеберлігін шыңдаудан бөлек камера алдында сөйлеп, сұхбат беріп, жақсы табыс табуға бейім болып өскенін қалаймыз. Әйтпесе бірнеше сұхбаттан соң-ақ өздерін жұлдыз санап, орта жолда сынып кеткер талай мықты бар. Біздің балалар үшін бұл қалыпты жайт болуы керек, сол арқылы олар басты миссиясы – футбол ойнау керектігін естен шығармауы тиіс, - дейді жобаның негізін қалаушы.

Рохус Шох былтыр бір жас деңгейі болса, биылдан бастап оның саны ұлғаятынын алға тартады. Алғашқы маусымда бір жас деңгейі ғана болды – U-18.

Еліміздің 10 өңіріндегі кәсіпқой клубтардың үздік 12 жасөспірім командасы бақ сынады. Биыл жарыстар екі жас деңгейі бойынша өтеді деп жоспар құрып отырмыз. Еліміздің барлық өңірінен командалар қатысады. Қызығушылық өте жоғары. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін елімізде Мatch day деген ұйымдастырылмаған. Біз алғаш болып қолға алдық. Жасөспірімдер арасындағы турнир көрермен тарапынан осыншалықты жоғары сұранысқа ие болады деп ешкім ойлаған жоқ. Тіпті билеттер сатылған матчтар болды. Өзім ерекше шабыттандым, - дейді ол.

Лига қыздар арасында да өтеді, бірақ ол 2025 жылдан бастап қолға алынбақ. Себебі өңірлерде футболға қызығатын бұрымдылар да өте көп екен:

2025 жылы үшінші жас деңгейі мен қыздар лигасын қосуды жоспарлап отырмыз. Себебі аруларымыздың арасында да футбол ойнағысы келетіндер көп. Қазақ қыздарының аяқ допқа деген қызығушылығы осындай жоғары деп ойламаппын. Сондықтан Тимур Турловқа да, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловқа да айттым. Олар бірден келісті. Қыздар арасында бір ғана жас деңгейі болады – 14 жастан 17 жасқа дейін.

Рохус Шохтың айтуынша, QJ League шетелдік мамандар тарапынан да жоғары бағасын алған, тіпті сырттан қызығушылық танытқандар да бар екен. Бірақ лига президенті бұл тек қазақстандық жоба екендігін және оған көрші елдердің өкілдері қатыстырылмайтынын алға тартты.

Авторы: Мадина Асылбекова