"Барлық мүмкіндікті қолдануымыз қажет". Ольга Довгун мергендердің даярлығы жайлы айтты

Спорттық ату

ҚР ҰОК

Нысана көздеуден Париж Олимпиадасына бес жолдама жеңіп алған Қазақстан командасы тағы да лицензиядан үмітті. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері, әйгілі мерген Ольга Довгун айтып берді, деп хабарлайды BasSport.kz.

Olympic.kz берген сұхбатында Довгун мергендердің Олимпиада қарсаңындағы дайындығы мен алдағы ірі жарыстар жайлы сауалдарға жауап берген.

Бас бапкер Ольга Довгунның мәліметінше, жазғы ойындар басталғанға дейін қазақстандық мергендер үш оқу-жаттығу жиынын өткізіп, үш әлемдік додаға қатысады.

Қазір біздің спортшылар қатысатын үш-ақ турнир қалды. Біз бұл бәсекелерге ұлттық құраманы түгел апарамыз. Өйткені жолдама алған мергендеріміз де бабын жоғалтпауы керек. 23 наурыз күні Шымкентте оқу-жаттығу жиыны басталады. Сол жиыннан соң Бразилияны бетке аламыз. Дәл осы мемлекетте соңғы лицензиялық жарыс өтетіндіктен, барлық мүмкіндікті қолдануымыз қажет, - дейді Довгун.

Қазіргі таңда нысана көздеуден Қазақстан командасында Олимпиаданың бес жолдамасы бар. Бұған дейінгі лицензиялық жарыстарда Ислам Сәтбаев, Арина Алтухова, Константин Малиновский, Александра Ле, Никита Чирюкиндер көзге түскен еді.

Бразилияда барымызды саламыз. Содан соң, Әзербайжандағы халықаралық жаттығу жиынына қатысамыз деген жоспар бар. Бұл жаттығу жиынына ұлттық құрамадан бөлек, жастарды да алып барамыз. Әрі қарай бізді тағы бір әлем кубогі күтіп тұр. 1-12 мамыр аралығында Әзірбайжанда рейтингілік әлем кубогі өтеді. Бұл сында да маңызды рейтингілік ұпай жинауға болады. Себебі, лицензиялық турнирлерден бөлек, Олимпиада жолдамасы әлемдік рейтинг бойынша да таратылады. Біздің спортшыларымыздың осы жолмен де лицензия алатын мүмкіндігі бар, - дейді бас бапкер.

Әлемдік рейтинг бойынша жолдама иеленген мергендер Германияның Мюнхен қаласында өтетін соңғы жарыста анықталады.

31 мамыр мен 6 маусым аралығында Мюхненде өтетін турнирде рейтинг бойынша Париж жолдамасын еншілеген барлық спортшы белгілі болмақ. Яғни лицензияға соңғы болып іліккендерді осы бәсекеден соң анықтаймыз. Біздің әлі де лицензия алатын мүмкіндігіміз мол, сондықтан, еш босаңсымаймыз. Жолдама мәселесін шешіп қойған спортшыларымызды да бабында ұстау үшін бар күшімізді салып жатырмыз, - деді бас жаттықтырушы.